Аудандық мәслихаттың тұрақты комиссиясында Бөкейхан, Көптоғай ауылдық округтері әкімдерінің, аудандық құрылыс бөлімінің жасалған жұмыстар туралы хабарламалары тыңдалды.
Бөкейхан ауылдық округінің әкімі Жүсіп Төреғалиев өз хабарламасында атқарылған жұмыстардан хабардар еткеннен кейін, комиссия мүшелері, депутаттар Жұмажан Шакупов, Әнуарбек Сәбитов, Игорь Абуғалиев, Нургул Дюсенбайқызы тарапынан бейіттердің қоршалуына, Күйген ауылын, Бөкейхан ауылындағы жаға бойындағы көшелерді түнгі жарықпен қамтуға, теректер неге егілмей отырғанына қатысты сұрақтар қойылды.
Округ әкімі Жүсіп Сүлейменұлы бейіттерді қоршауға тапсырма берілгенін, аталған ауылға жарық тартылатынын айтса, қатысып отырған аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов алға қарай округте 800 терек егу жоспарланғанын жеткізді. Екінші хабарламашы Көптоғай ауылдық округінің әкімі Бауыржан Каримовте атқарылған және алда тұрған жұмыстарға тоқталды. Оған жүзбелі өткел, электр жарығын тарту, жолдарды күтіп ұстау және басқа да сұрақтар берілді. Комиссия мүшесі, аудандық мәслихаттың депутаты Нұргүл Дюсенбайқызы ауылдағы медициналық нысан құрылысы жұмысына сын айтты. Келесі кезекте аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Жасұлан Сүндетовтің хабарламасы тыңдалды. Бұл жолы да аудандық мәслихаттың депутаты Нұргүл Дюсенбайқызы құрылыс нысандарын қадағалауға тапсырыс берушілер емес, өзі барғанын айтып, қандай жұмысқа да басшылық қызметте жүрген адамдар не себепті жауапкершілікпен қарамайтынын сұрады.
– Соның салдарынан ең соңында халық зардап шегеді. Мердігерлерден жұмыстың сапалы жасалуын тиісті дәрежеде талап етпейсіздер. Конкурсқа түсіп, жеңіп алғаннан кейін жұмыс жасамай, соттасады. Осы уақытқа дейін бір мердігер немесе техникалық қадағалаушы қатаң жауапқа тартылған жоқ. Жұмысын дұрыс жасамайтындарды енді қайтып бұл салаға беттемейтіндей етіп шеттету қажет. Тапсырыс бергенде құрылыс жобасын жақсы білетін маман өздеріңізде болмаса неге тиісті мекемелермен ақылдасып алмайсыздар? Анау жүзбелі өткелді сүйрейтін баркасты алғанда да ешкім қарамады. Енді ол пайдаланылмай тұр. 100 млн. теңге ақша желге ұшады. Қажетті ақпарат сұрасақ, оны бермейсіздер. Мына хабарламада құрылысқа бөлінген ақша бар, оның қаншасы игерілгені жоқ, – деді Нұргүл Дюсенбайқызы.
Тұрақты комиссия мүшесі аудандық мәслихаттың депутаты Игорь Абуғалиев электр бағандары жерге 2 метр тереңдікке көмілуі тиіс екенін, оларды кесіп қысқартуға болмайтынын, бір данасы 1 млн. 200 мың теңге тұратынын жеткізді.
Аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжанат Қалиева:
– Жұмекен ауылында денешынықтыру-сауықтыру кешенін салып жатыр. Асфальт жол үстімен ірі көліктер құрылыс материалдарын тасуда. Айналасында бірде-бір жарық жоқ. Мектепке баратын балалардың өміріне қауіп төнуде. Осыны маған жергілікті тұрғындар да жиі айтады. Ақкөл ауылының ішін жол саламыз деп қопарып тастады. Бұл ауыл тұрғындарының қатынасына қиындық келтіріп, наразылықтарын тудыруда. Бәрін түгел қопармай неге бір шетінен бастамайды. Жасалып жатқан жұмыстарды жергілікті әкімдер өз жауапкершіліктеріне алмайды, – деп Бөкейхан ауылдық округі түнгі жарықпен неге түгел қамтылмай отырғанын сұрады.
Бұл сауалға аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов жауап қайтарып, жарықпен қамту қаржыға байланысты жылға, көше-көшеге бөліп тасталғанын, кезекпен жасалып отырғанын қаперге берді. Комиссия мүшесі Жұмажан Шакупов Қиғаш бойындағы ауылдарға да денешынықтыру-сауықтыру кешені қажеттігін алға тартты. Аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Жасұлан Сүндетов конкурсқа басқа жақтан емес, тек облыстағы мердігерлер түсетін етсе ғана жағдай түзеледі деген пікірде. Соңында аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Салтанат Қажығалиеваның хабарламасына кезек беріліп, бірнеше сұрақтарға жауап қайтарды.
Қанат ҒҰМАРОВ