«AMANAT» партиясы аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының мүшелері Құрманғазы ауылдық округінде салынып жатқан 60 пәтерлік тұрғын үй, 600 орындық жайлы мектеп және орталық стадион құрылысында болып, жұмыс барысымен танысты.
Кадырка ауылында салынып жатқан үш қабатты 60 пәтерлік тұрғын үйге тапсырыс беруші Атырау облыстық құрылыс басқармасы. Инвестор «НКОК Н.В», мердігер мекеме «Бек и Ко», техникалық бақылаушысы «Батыс эксперт инженеринг» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Біз барғанда қайнаған еңбектің куәсі болдық. Ғимараттың бірінші қабаты көтеріліп, төбесі жабылу үстінде. Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері Болатбек Өтегенов, Ақынжан Хұсайынов мердігер мекеменің учаске басшысы Жангелді Үмбеталиевке құрылыс барысына қатысты сұрақтар қойды. Бұрын осы жермен өтіп жатқан су құбыры мәселесін қозғап, оның құрылыс сыртымен айналып өтетінін естіп, көңілдері жайланды.
– Партиялық бақылауда тұрған нысандарды үнемі назарда ұстау міндетіміз. Себебі, бұлар ертең халықтың игілігіне беріледі. Біз үшін жұмыстың сапалы жасалуы және уақытында аяқталуы маңызды. Осындай мақсатпен келдік. Сонымен қатар, шешімін күткен мәселелер болса оны да айтыңыз, – деді, партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Болатбек Тағанқожаұлы.
Құрылыс жұмысымен айналысып жатқан мердігер мекеме «Бек и Ко» ЖШС-нің учаске бастығы Жангелді Үмбеталиев бізбен әңгімесінде:
– Қазір бізде 55 адам, 2 кран, 1 ұзындық өлшегіш техника, 1 шағын тиегіш жұмыс жасауда. Материал жеткілікті. 60 пәтерлік үйде негізінен 2 және 3 бөлмелі пәтерлер болады. Екі бөлмелілері оңтүстік, үш бөлмелері солтүстік жағына орналасады. Стандартқа сәйкес іші ұлу таспен өріліп, сыртына жылу сақтайтын материал миниплита салынып, кірпішпен қапталады. Қазан айында тапсыруға жұмыстанамыз, – деді. РТС ауылында «Жайлы мектеп» жобасымен салынып жатқан 600 орындық мектеп құрылысының да бетонды қаңқасы біте келіпті.
Мұнда бас мердігер «Каспий Құрылыс LTD» ЖШС, тапсырыс беруші «Samruk Kazyna Construction» АҚ. Техникалық қадағалаушы «Лидер» ЖШС. Учаске бастығы Мақатжан Қалиев бізді жылы қарсылады. «Жұмыс жақсы жүруіне сіздердің жиі келіп тұрғандарыңыздың да көмегі бар», деп қояды. Айтуынша қазір құрылыс басына 56 адам, 11 техника жұмылдырылған. Әлі де жиырмаға жуық адам қажет. Жұмысшылардың орташа жалақысы 200 мың теңге. Бастапқыда жалақы төлеуде бірер ай кідіріс болып, қазір, бұл мәселе толығымен шешілген. Еңбекақы уақытымен берілуде. Кірпіштер Ақтөбе қаласындағы зауыттан әкелінеді. Қажетті материалдарда тапшылық жоқ. Ғимаратта автономды су жүйесі болады. 100 адамдық асханасы ет, көкөніс дайындайтын арнайы бөлмелермен қамтылады. Мектептің шығыс бөлігінде бастауыш, орталығында орташа, шығыс жағында жоғары сыныптар оқиды деп жоспарланған.
Сондай-ақ, 200 метрлік стадион салынады. Құрылыс қараша айында аяқталады, учаске басшысы аталған мерзімде тапсыратындарына толық сенімді. Орталық стадион құрылысының жұмысы да көңіл толарлық. Мұнда мердігер мекеме «ГрадСтройСервис» ЖШС. 500 орындық көрермендер отыратын жоғары жағы сайдингпен қапталып, көз тартып тұр. Ғимараттың сыртына жылу ұстайтын материал салынып, сайдингпен жабылып, ішкі жағының сылағы соғылуда. Жоба бойынша астыңғы жағында спортшылардың киім ауыстыратын бөлмелері, жуынатын орындар, ұзыны 10, ені 5 метр конференц залы, жаттығу бөлмелері, медпункт, басқа да қосалқы нысандар орналасады.
Қанат ҒҰМАРОВ