Құрылыс нысандарын аралап, жұмыс барысымен танысты

(0 Votes)

«AMANAT» партиясы аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының мүшелері Құрманғазы ауылдық округінде салынып жатқан құрылыс нысандарында болып, жұмыс барысымен танысты.

Кадырка ауылындағы 60 пәтерлік тұрғын үй, РТС ауылындағы 600 орындық жайлы мектеп, аудан орталығындағы стадион – партиялық бақылауда тұрған нысандар. Кадырка ауылында салынып жатқан үш қабатты 60 пәтерлік тұрғын үйге тапсырыс беруші Атырау облыстық құрылыс басқармасы. Инвестор «НКОК Н.В», мердігер мекеме «Бек и Ко», техникалық бақылаушысы «Батыс эксперт инженеринг» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері.

Үшінші қабаты өріліп бола келген нысанның басында жүрген «Бек и Ко» ЖШС-нің учаске бастығы Жангелді Үмбеталиевтің айтуынша мұнда 57 адам, 6 техника жұмыс жасауда. 30 адам жергілікті тұрғындар. Орташа жалақы 350 мың теңге. Әр айдың 15-і күні төленіп отыр. Маусымдық жұмысшыларға жазда 150 мың теңгеден төленген. Олар тұрақты жұмысшылар болмағандықтан 8 сағат еңбек еткен. Құрылыс материалдары жеткілікті. Силикат кірпіштер Ақтөбе қаласынан әкелінуде. Техникалық бақылаушы үнемі нысан басында. Шешімін күткен мәселеде жоқ емес. – Күн болса суытып келеді. Нысан басына әлі күнге дейін су желісі тартылған жоқ. Жоба жасағанда кірмей қалған. Осы мәселені мен мамыр айынан бері көтерудемін. Шешімін табар түрі жоқ. Ертең күн салқындағанда ішкі сылақтарды соға алмаймыз. Амал жоқ, жұмысты тоқтатамыз, – деген учаске басшысы Жангелді Үмбеталиев осыны шешуге атсалысуды сұрады.

Партиялық бақылау комиссияның мүшелері Мереке Құмаров, Ақынжан Хұсаинов мердігер мекеме өкіліне құрылысқа қатысты сұрақтар берді. РТС ауылында «Жайлы мектеп» жобасымен салынып жатқан 600 орындық мектеп құрылысының да үшінші қабаты көтеріліпті. Мұнда бас мердігер «Каспий Құрылыс LTD» ЖШС, тапсырыс беруші «Samruk Kazyna Construction» АҚ.

Техникалық қадағалаушы «Лидер» ЖШС. Басында жүрген мердігер мекеменің өкілі, өндірістік-техникалық бөлімінің инженері Жасұлан Какимовтің айтуынша құрылысқа 34 адам, 2 техника тартылған. Алайда, жұмыс барысы баяу. Адам күші жетіспейді. Ұзақ жылдар бойы құрылыс саласында жұмыс жасаған партиялық бақылау комиссиясының мүшесі, блогер Мереке Құмаровтың назарынан кейбір кемшіліктер тыс қалмады.

– Екінші қабатты бөлген қабырғада терезе жақтағы тастар дұрыс байланбағаны көрініп тұр. Ақша шығарып салғаннан кейін жұмыс сапалы жасалуы керек. Ертең сіздер кетесіздер, бұл бізге қалады. Жаңа нысанда аз дегенде 15 жыл ешқандай мәселе туындамауы тиіс. Не себепті олай болғанын анықтап, қалпына келтіріңіздер, – деді М.Құмаров.

Мердігер мекеме өкілі тапсырма беріп жатты. Орталық стадион құрылысының мердігері «Град Строй Сервис» ЖШС. Құрылысқа бөлінген 927 млн. теңгенің қазір 560 миллионы игерілген. Нысанның іші-сырты біте келген. Бүгінде алдындағы 420 метрлік жүгіру жолының, ауласындағы алаңның бетонын құю жұмыстары басталған. Құрылыс жұмыстарына 7 техника жұмылдырылған.

– Енді стадионның ішіне жылу, кәріз жүйесін тартамыз. Қазір 55 млн. теңгеге жүгіру жолын, газон алып қойдық. Жұмыс еуропалық стандартпен жасалады. Жұмысшылардың орташа жалақысы айына 400-500 мың теңге. Себебі құрылыста жұмыс жасау оңай емес, – деген мердігер мекеменің өкілі, прораб Серік Саттаров комиссия мүшелерімен әңгімесінде стадион құрылысы биылғы жылдың 31 желтоқсанында аяқталатынын қаперге берді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT