Бұрынғыдай емес, қазір ауданда құрылыс қарқын алып, жаңа әлеуметтік нысандар бой көтеріп келеді. Бүгінде бұл бағытта нақты қандай жұмыстар жасалып жатыр және алдағы уақытта қандай жобалар жүзеге асырылмақ, бұл туралы біз аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Жаслан Сүндетовтен сұрастырдық.
- Жаслан Әндіржанұлы, алдымен өзіңізді оқырмандарымызға таныстырып өтсеңіз.
-Мен 1984 жылы 14 наурызда Құрманғазы ауданы, Еңбекші ауылдық округінде қарапайым қазақ отбасында дүниеге келдім. 2001 жылы Еңбекші орта мектебінен түлеп ұштым. 2001-2006 жылдары Ақтау қаласындағы Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетінде «Тау кен инженері» мамандығы бойынша жоғары білім алдым.
- Еңбек жолыңыз қалай басталып еді?
- Ең алғаш рет 2008 жылы Еңбекші ауылдық округі әкімі аппаратында жетекші маман болып жұмыс жасадым. Кейін Кудряшов ауылдық округінің әкімі қызметін атқардым. Бүгінде Құрманғазы ауданының құрылыс бөліміне басшылық жасап келемін.
- Былтыр қанша нысан салынды?
- Мен бұл қызметке өткен жылдың 1 қарашасынан бастап тағайындалдым. Сол кезден қазірге дейін барлығы төрт нысан пайдалануға берілді. Атап айтар болсам, бұлар – Алтыншы, Шағырлы, Кадырка ауылдарындағы медициналық пункт құрылысы және Құрманғазы ауылы, Шәку Сәтеков көшесі, №1 мекен-жайында орналасқан әкімшілік ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
- Қандайма бір нысанды уақытында қолданысқа беруде қиындықтар бола ма?
- Жалпы, құрылыс саласы бұрыннан да қиын сала ғой. Жұмыс барысында қиындық тудыратын жағдайлар өте көп кездеседі. Бұған әбден бойымыз үйренген. Соған қарамастан, жаңа нысандар белгіленген мерзімде пайдалануға беріліп, құрылыс-монтаждау жұмыстары жоспарға сай жүріп жатыр. Қолдан келгенше құрылыс барысын сағызша созып жібермеуге тырысамыз. Себебі, мұның артында халықтың бізге деген зор сенімі жатыр. Соғанс елкеу түсірмеуге тырысамыз ғой. Қалай болғанда ад, жауапкершілік жүгі ауыр, оны көтере білу керек.
- Ал, дәл қазір қандай құрылыс жұмыстары жүріп жатыр?
- Бүгінде барлығы 29 нысанның құрылысы жүргізілуде. Ендеше, жекелей тоқталып өтейін. Бұлар – Сүйіндік, Жалғызапан, Балқұдық, Азғыр, Қоңыртерек, Асан, Үштаған, Кадырка, РТС, Жапырық, Алға, Даулеткерей, Нұржау, Орлы, Шестой елді мекендеріне спорт алаңдары құрылысы; Сүйіндік ауылында 48 орындық спорт кешенінің құрылысы; Нұржау ауылына спорт кешені құрылысы; Құрманғазы ауылындағы орталық стадионды қайта жаңарту; Құрманғазы ауылының зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығы КММ-нің ғимаратын қайта құру; Котяевка ауылында қалыпты геологиялық жағдайлардағы IVA - IVГ климаттық кіші ауданы үшін 300 орынға арналған мәдениет үйін салу; Көптоғай ауылында қалыпты геологиялық жағдайлардағы IVA - IVГ климаттық кіші ауданы үшін 300 орынға арналған мәдениет үйін салу; Бірлік а/о-ғы қалыпты геологиялық IVA – IVГ климаттық кіші ауданы үшін 300 орынға арналған мәдениет үйін салу; Котяевка және Кудряшово ауылдарындағы су тазарту имараттары мен су құбырлар желілерін қайта жаңарту; Кадырка ауылына 3 қабатты 60 пәтерлік тұрғын үй құрылысы; «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның демеушілігімен Ақкөл ауылына 600 орындық жайлы мектеп құрылысы; «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның демеушілігімен Құрманғазы ауылына 600 орындық жайлы мектеп құрылысы; Сүйіндік ауылына 25 келушіге арналған жанұялық-дәрігерлік амбулатория құрылысы; Балқұдық ауылына 25 келушіге арналған жанұялық-дәрігерлік амбулатория құрылысы; Көптоғай аулында электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстары.
- Сіз жетекшілік жасап отырған бөлімнің негізгі қызметі қандай?
- «Атырау облысы Құрманғазы ауданының құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесі 2023 жылғы 27 маусымдағы №174 «Атырау облысы Құрманғазы ауданының құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы аудан әкімдігінің қаулысымен бекітілген ережесіне сәйкес тек әлеуметтік және әкімшілік ғимараттардың, елдімекендердің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымының құрылысы мен оларды қайта жаңғырту жұмыстарымен айналысады.
Жалпы, құрылыс бөлімі жергілікті жердегі халықтың өтініші негізінде түскен ұсыныстарға сәйкес нысан құрылысын салу үшін жобалау-сметалық құжаттама жасатуға тиісті басқармаға бюджеттік өтінім жолдап, мемлекеттік сатып алу жұмыстарын ұйымдастырып, жобалаушы мекемеге жобалау-сметалық құжаттама жасатып, жобалау-сметалық құжаттамадағы қаражат көлеміне сәйкес тиісті басқармаға бюджеттік өтінімдер жолдап, құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге мердігер мекемені анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу жұмыстарын ұйымдастырып, мердігер мекеме арқылы нысан құрылысын жүргізіп, мердігер мекемеден нысанды пайдалануға қабылдап, тиісті мекемеге теңгерімге береді.
- Тұрғындар тарапынан арыз-шағымдар түсе ме?
-Құрылыс-монтаждау жұмыстары кезінде тұрғындардан қандайма бір арыз-шағым түсе қоймады.
- Алдағы жоспарыңызбен бөліссеңіз...
- Құрылыс бөлімінің алға қойған мақсат-міндеттері көп десем де болады. Қазіргі уақытта сараптамаға жолданып, оң қорытынды алған және жобалау-сметалық құжаттамалары жасақталып жатқан жобалар бар, соларға тоқталып өтейін. Олар – Кадырка ауылында үш қабатты 60 пәтерлік тұрғын үй құрылысына инженерлік желі жүргізу; Дынғызыл, Шортанбай, Көптоғай ауылындағы дамба құрылысы; Көптоғай ауылында 48 орындық спорт кешенінің құрылысы бюджеттен қолдау тауып, биыл құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, Жұмекен ауылына спорт кешенінің құрылысы; Сафон ауылына спорт кешенінің құрылысы; Асан ауылында 100 орындық мәдениет үйінің құрылысы; Г.Алипов ауылында 100 орындық мәдениет үйінің құрылысы; Приморье, Даулет, Хиуаз, Куйген, Жыланды, Г.Алипов, Балыкшы, Жана ауыл, Шортанбай, Жасталап, Кигаш, Д.Нурпеисова, Бирлик, Сафон, Бөкейхан елді мекендеріне спорт алаңдары құрылысы; Орлы ауылындағы инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысы (сумен жабдықтау); Орлы ауылындағы инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысы (ауылішілік жолдар); Орлы ауылындағы инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысы (электрмен жаюдықтау); Ганюшкин ауылындағы (Шипажай шағын ауданы) инженерлік- коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысы (газбен жабдықтау желілері); Ганюшкин ауылындағы (Шипажай шағын ауданы) инженерлік- коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысы (электрмен жабдықтау желілері); Ганюшкин ауылындағы (Шипажай шағын ауданы) инженерлік- коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысы (сумен жабдықтау желілері); Азғыр, Батырбек, Жалғызапан, Жасталап, Қоңыртерек ауылдарына, Афанасьев бекетіне медициналық пункт, Арна, Ғизат Әліпов, Жамбыл, Көптоғай, Кудряшов ауылдарына фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысына жобалау-сметалық құжаттама жасақталып, сараптаманың оң қорытындысы алынып, бюджеттен қолдау күтіп отыр.
Сол сияқты, Теңіз ауылына 200 орынға арналған мәдениет үйін салу; Демеушілік тәсілмен Кудряшов ауылына мәдениет үйінің құрылысына; Демеушілік тәсілмен Кудряшов ауылына дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы; Кудряшов ауылдық округі Лазо елді мекеніндегі электр желілерін қайта жаңғырту; Орлы ауылындағы инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысы (газбен жабдықтау); Ганюшкин ауылындағы (Шипажай шағын ауданы) инженерлік- коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысы (сумен жабдықтаау желілері); Дыңғызыл ауылдық округінде электр желілерін қайта жаңғыртуға жобалау-сметалық құжаттамалары жасақталып жатыр.
- Ауданда жеке тұрғын үй құрылысын жүргізіп жатқан компаниялар, оларға қаражат құйып отырған үлескер салымшылар бар ма? Әкімдік пен жеке құрылыс компаниялар арасында өзара келісімшарт жасалған ба?
- Ауданда жеке тұрғын үй құрылысы, жеке тұлғалармен өз бетінше жүргізіледі. Сол себепті үлескер салымшылар жоқ деп есептеймін. Мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражат есебінен салынып жатырған құрылыс нысандарының мердігерлерімен құрылыс бөлімінің арасында мемлекеттік сатып алу порталы арқылы келісім шарттар жасақталған.
- Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қандай жобалар жүзеге асуда?
- Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жеке тұлғалардан келісім шарт арқылы 2023 жылдың желтоқсан айында әлеуметтік осал топтарға арналған 2023 жылы салынған жаңадан 20 пәтер сатып алынды.
- Құрылыс саласында еңбек етіп жатқандарға қандай талап қойылады? Жергілікті азаматтарды құрылысқа тарту жайы қалай? Ал, өзге елдердің, мәселен, Өзбекстан азаматтары жұмысқа алына ма?
- Құрылыс саласында еңбек етіп жатқан жандарға тек күш-жігер, қажымас қайрат, еңбектеріне жеміс тілей отырып, еңбек тәртібі мен техникалық қауыпсіздікті қатаң сақтауға шақырамын. Құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатырған нысан орналасқан елді мекендердің тұрғындарын enbek kz порталы арқылы хабарландыру беріліп, мамандығы мен жұмыс өтілдерінің сәйкестігі бар тұлғалар тартылады. Шет ел азаматтары Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексіне, Қазақстан Республикасының Заңнамаларына сәйкес жұмыс жасауға барлық рұқсатын алып, төленетін салықтарын төлеген жағдайда жұмысқа тартылады.
-Тұщымды әңгімеңізге рахмет, жұмысыңыздың жемісін көріңіз!
Сұхбаттасқан: Әділет АМАНГЕЛДІ