АЛДАҒЫ 2025 ЖЫЛ МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ Қ.ТОҚАЕВТЫҢ БАСТАМАСЫМЕН ЖҰМЫСШЫЛАР МАМАНДЫҒЫНА МӘН БЕРІЛЕТІН ЖЫЛ БОЛҒАЛЫ ОТЫР. ОСЫҒАН ОРАЙ «ҚҰРМАНҒАЗЫ» ӨНДІРІСТІК КООПЕРАТИВІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ САБЫРЖАН СҰЛТАНОВ АСТАНАДА ӨТКЕН БІРІНШІ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЕҢБЕККЕРЛЕРІНІҢ ФОРУМЫНАН КЕЛЕ САЛЫСЫМЕН ҚЫР БОЙЫНДАҒЫ ШАРУАШЫЛЫҚ БАСЫНА БАРЫП ҚАЙТУДЫ ҰЙҒАРҒАН ЕКЕН. «НОҒАЙБАЙ», «ОРТАҚЫРДАҒЫ» ШОПАНДАРЫ МЕН ТҮЙЕШІЛЕРІНЕ, ЖЫЛҚЫШЫЛАРЫНА ЖАҒЫМДЫ ЖАҢАЛЫҚТЫ ЖЕТКІЗУ ҮШІН ДЫҢҒЫЗЫЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ ОРАЛБАЙ АЗИМОВ, АРДАГЕР ЖУРНАЛИСТ, ЖАЗУШЫ ӘРІ АҚЫН ТАҢАТАР ДӘРЕЛОВ, МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІҢ АРДАГЕРІ ҚАНАТ ҒАББАСОВ, «АТЫРАУ-АҚПАРАТ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ НҰРБОЛАТ ЕЛЕУСІНОВ, МАЛ МАМАНЫ БАТЫРХАН СҰЛТАНОВ БОЛЫП ҚҰРЫЛҒАН ТОП «ҚОШАЛАҚТАН» МЕНІ ДЕ ҚОСЫП АЛДЫ.
Екі күн бойы жауған үлкен қарашаның жаңбыры сол күні сап тиылып, аспан шайдай ашылып, күн шуақ шашып тұрды. Алдымен ешқайда мойын бұрмастан «Бияштеректегі» ұжымшарда, кеңшарда еңбек еткендердің бейіттері басына дұға бағышталды. Содан соң күн еңкеймей тұрып, Эдуард Шамардановтың отарын өрістен кездестірдік. Сырқаттанып қалған Эдуард аудан бойында да, отарды інісі Берікбол, келіншегі Назгүл және Арман Үмбеталиев бағады екен. 710 бас тұсақ отары «Қиқора» қыстағына түсіпті.
– Отардағы саулықтардың қоңы жылдағыдан ояңдау көрінеді. Өйткені, алты ай жазға тамшы тамбай, жаңбыр қыркүйектің соңы мен қазанда ғана бастап жауды. Күздеуден қыстыққа түскен қойларымыз тың жерлерге жайылуда. Жусанның түбі бөртіп, күзгі көк қылаң беріп келеді, - деп сөз бастады бөлім меңгерушісі Еркебұлан Бегеев. Бізді «Бияштеректен» күтіп алған Е.Сабыржанұлы әрі қарай қой отарларына бастап жүрді. Көзін ашқаннан шаруа көрген Еркебұланның әкесі Сабыр әуелі жылқы, одан кейін қой баққан айтулы малбегі еді. Атасы Мәди де жылқышы болған, малды өңірде тер төккен майталмандар еді. «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Серік Тәженовтың қыстақ орны әкесі Әкімғалидың атымен аталады екен. Әкімғали Көрпежанов Құрманғазы кеңшарында ұзақ жыл бағындырған биігінен түспеген шопан болып, 2000- шы жылы уақыт етті. Міне, ұлы Серік атакәсіпті жалғастырып, әкенің ізі қалған атақоныста отыр. Отарында 593 бас аналық қой бар. Зайыбы Гүлжан Қабиболлақызы Хамзина отбасының отын үрлеп, шаңырақтың ұйытқысы бола білуде. Ақырыс есімді қызы Қандыағашқа тұрмысқа шыққан екен де, ұлы Дастанбек шаруашылықта мал дәрігерлік инспектор болып еңбектенеді. Өтемұрат Елеусінов есімді көмекші шопаны бар.
Аға шопан Есболат Тілеповті де мал өрісінен кездестірдік. Саяхат Нәженов екеуі отарды қайырмалап жайып жүр екен. Шопандардың жүздері жарқын, көңілдері шалт. Азық-түлік пен керек-жарақтарды бөлім басшылары Еркебұлан мен Батырхан жеткізіп береді. Кәсіптен нәсіп терген малбегілер ұжымның ортақ шаруасын ойлай білген. Сонымен қатар, жеке шаруаларын да өгейсітпей қоса өркендетуде. Кешкі қоналқыға Әбіл Бегейсіновтың үйіне тоқтадық. Жаппас рулы Нұрмұханбет Бегейсінов деген момын адам Құрманғазы кеңшарында ұзақ жыл шопандықты кәсіп еткенін білетін едік. Зайыбы Зейнекеш екеуі қақ- соқпен ісі жоқ, шаруаларына мығым жандар-тұғын. Нұрмұхамбеттің үш ұлы бірдей шаруашылықта қалып, өз алдарына бөлек-бөлек шаруаны гүрлетіп келеді. Үлкені Тілекқабыл өз алдына отар иесі. Әбіл зайыбы Айнагүл, балдызы Дидар Өмірзақов үшеуі 600 бас тоқтыны шырқ үйіріп отыр. Қонақтарға былқып піскен табақ-табақ ет тартып, қазақы қонақжайлылықтың үлгісін көрсетті. Сабыр, салмақ, шыдам, төзімділігінен қара жер қозғалмаса, қозғалмастың өзі екенін аңғарып отырмын. Лепірме сөзге сараң, сұраққа ғана жауап беріп отырды. Қыстақ үйі жайлы, жыңғылдан өрген қорасы сайлы. Інісі Әміржан әйелі Гүлбану Молдағалиева екеуі 150 бас ойсылқара тұқымын бағады. Қос өркешті түйелерді көргенде Мұқағалидың
«Сахараның шұбырған түйелері,
Кейде менің түсіме жиі енеді.
Түйенің өркешінде жыр боталап,
Түйенің боздауында күй өледі» деген өлеңі тіл ұшына келді.
Осы жерде жылқы мен түйе табындарының бөлім басшысы Батырхан Сабыржанұлы өзі басқаратын шаруадан мағлұмат беріп отырды. Әміржан Бегейсіновтен басқа екі жерде түйе малы бағылады екен. Ойсылқараның 86 басын Ақылбек Хасанов пен Эльмира Шамарданова «Ортақырда» бағып отыр. Берік Салауовтың қарамағында 102 бас бактериан асыл тұқымды түйе малы бар. Ғалым – басшы Сабыржан Берікті Астанада өткен форумға алып барған ғой. Алқалы жиында Президент өз қолымен үшінші дәреджелі «Еңбек даңқы» орденін Беріктің өңіріне қадағанын мақтанышпен айтып отырды. Ұжымдастар арасында мақтаулы азаматтың мерейін өсіріп отырса оғаштығы болмас. Азамат Бекеев келіншегі Самал Қуанова екеуі жылқы табынын бағады. «Ортақырдағы» атақонысты мекен еткен. Қаһар Мақуовтың да бағымында жылқы малы бар.
Аталғандардан басқа мұнда Қомпиев Нұралы, Молдағалиев Ерлан, Айтқалиева Сандуғаш, Сартаев Аманжол, Махуов Дархан сияқты шопандар еңбек етеді. Қорыта айтқанда «Құрманғазы» өндірістік-кооперативінде он отар қой, үш түйе табыны, екі жылқы табыны бағылып отыр. Іргелі шаруашылықтың ілкімділігі өнегелі де өнімді істерге бастауда. Біз барған жерлерде ауыл әкімі Оралбай Азимов мырза малшылардың әлеуметтік жағдайларын сұрастырып отырды. Дала қырандарына жылы қабақ танытып, қандайма мәселелері болса, қомсынбай айтуларына ерік беріп сөйлесті. Әрбір үйде вайпай қондырғысы арқылы уатсаппен байланысқа шыға алады.
Жылдамдығын қырдың ойлы- қырлы жолына ыңғайлаған автокөлік жүрісі баяу тербейді. Мен көрген- баққанымды ой елегінен өткізіп келемін. «Бесшоқы», «Биляштерек» бойында жөңкіле жосыған киіктер тобы аннан-мұннан көлденеңдеп кездесумен болды.
Тағы да ойға
«Қарашада өмір тұр,
Тоқтатсаң, тоқсан көнер ме?
Арттағы майда көңіл жүр,
Жалынсаң, қайтып келер ме?
Майдағы жұрттың іші — қар,
Бәйшешек қарға өнер ме?
Ішінде кімнің оты бар,
Қар жауса да, сөнер ме?» деп өрілетін ұлы Абайдың өлмес өлеңі орала берді. Құрығы құтты, тұғыры мықты құрманғазылық малшылардың құмдағы тірлігі соны дәлелдеп тұрғандай.
Есмұхан ЖАНИЗИН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі