5 қазан – Республика күні. 2022 жылы мерекелер тізіміне енген бұл дата – елдегі жалғыз ұлттық мейрам. Ұзақ жылдар бойы тойланбай келген атаулы күн биыл үшінші жыл қатарынан аталып өтілуде.
Осыған орай С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде «Мәңгі жаса, қыран елім Қазақстан!» атты салтанатты жиын өтті. Алдымен балалар хоры еліміздің Әнұранын орындады. Мерекелік құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Абат Жанғалиев: - Рспублика күні – халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке. Тарихтан белгілі, 1990 жылы 25 қазанда қазақ елі Егемендік декларациясын жариялап, мемлекеттің тәуелсіздігін айқындады. Бұл декларацияның қабылдануымен егемендігін мәлім ететін жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі бекітілді. Еліміз Тәуелсіздік алған соң даму жолында тапжылмай жылжуға мүмкіндік беретін маңызды жетістіктерге жетті. Баршаңызды егемендігіміздің бастауы болған ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін,- деген аудан басшысы облыстық мәслихаттың Алғыс хатымен, ауданның Құрмет грамотасымен, аудан әкімінің алғыс хатымен өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан құрманғазылықтарды ұлығылады.
Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы атағы ауыл шаруашылығы, мемлекеттік қызмет, құқық қорғау салаларының ардагерлері Зоя Мұхашева, Бибоз Шаяхметов, Якуб Исмагулов, Жақсығұл Аимовқа берілді. «Ел ағасы» және «Құрманғазы ауданына 95 жыл» төсбелгісі қаржы, коммуналдық шаруашылық салаларының ардагерлері Ғибатолла Мәдібаев, Жанғабыл Шамұратовтың өңірлеріне тағылды.
Сахна төріне ант қабылдау рәсімін жасау үшін жас мемлекеттік қызметші, аудандық мәслихат аппаратының ұйымдастыру және құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің бас маман-заң кеңесшісі Гүлнұр Серікова шақырылды.
Егемендігіміздің бастауы болған ұлттық мереке – Республика күніне орай ұйымдастырылған салтанатты шарада аудан өнерпаздары ән-күйден шашу шашып, көпшілікке ерекше көңіл-күй сыйлады.
Айнагүл Шакупова