Құрманғазылық Жанарыс Марат бітімгерлер сапында

(0 Votes)

Қазақстан Армиясының тыңғылықты дайындықтан өткен тағы бір бітімгершілер контингенті Біріккен ұлттар ұйымының бейбітшілікті қамтамасыз ету мақсатымен халықаралық араласуды талап еткен аймаққа аттанды. Сарбаздарымыз БҰҰ-ның «Голан биіктіктеріндегі бөлінуді бақылау жөніндегі күштері» миссиясын атқаратын болады.

Голан биіктігі аумағы шамамен 1800 шаршы шақырымды құрайтын  Израиль мен Сирия мемлекеттері арасындағы даулы аймақ. Бұл жерлер 1967 жылғы қақтығысқа дейін Дамаскіге тиесілі болып келді. Сирия әлі күнге Голан биіктіктерін өз аумағы деп санайды, сондықтанда Израильмен бейбіт келісімге келу арқылы қайтарып алуды көздейді. Осы орайда бірнеше жыл бойы әлемдік қоғамдастықты бұл даудың бейбіт жолмен біржақты шешілуне араласуды сұрап келеді. 2023 жылғы 29 қарашада БҰҰ Бас Ассамблеясы Израильді бұл аумақты босатуға шақырды. Бітімгершілік келісімді қолдау және жанжалдарды реттеу әрқашан назарда. Даулы аймақтарда БҰҰ-ның бітімгершілік миссияларын орындауға атсалысу халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға қосып отырған елеулі үлес. Мұндай бейбіткерлік қадам Қазақстанның жаһандық аренадағы рөлін арттыруға да ықпалын тигізеді. Тәуелсіздік жылдары ішінде 600-ден астам қазақстандық әскери қызметшілер БҰҰ-ның Азия, Таяу Шығыс және Африка елдеріндегі жеті бітімгершілік миссиясына қатысты.

Наурыз мейрамының алғашқы Көрісу күнінде Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта ҚР Қарулы күштерінің бітімгерлік контингентін салтанатты түрде шығарып салуға арналған іс-шара өтті. Алаңға Қорғаныс министрлігінің басшылығы, Парламент депутаттары, атқарушы билік органдары өкілдері, ардагерлер ұйымдарының мүшелері, аттанатын әскери қызметшілердің туған-туыстары және «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының жеткіншектері жиналды.

Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов қазақстандық бітімгерлердің БҰҰ миссияларына қатысу географиясы мен әртараптандырылуын кеңейту Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың нұсқауы бойынша жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. – Бұл біз үшін үлкен мәртебе, өйткені қысқа мерзім ішінде әскери-саяси жағдайдағы ерекше тапсырмаларды орындауға дайын, барлық халықаралық стандарттар мен талаптарға сәйкес келетін бітімгерлік контингентін дайындап, жарақтай алдық. Бұл миссия БҰҰ мен халықаралық қоғамдастық мемлекетіміз бен оның Қарулы күштерінің бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі ең жауапты міндеттерді орындау қабілетін мойындауының көрсеткіші. Сонымен қатар,  бұл адамзат алдындағы үлкен жауапкершілік. Сондықтан біз дайындықтың, тәртіптің жоғары деңгейін көрсетіп, халықаралық аренада Қазақстан Республикасы мен оның Қарулы күштерінің беделін жоғары көтеруіміз керек, – деп өз сөзін түйіндеді. Жиында сөз алған Парламент Мәжілісінің депутаттары Константин Авершин мен Болат Керімбек бітімгерлерге ақ жол тіледі.

Генерал-полковник Руслан Жақсылықов бітімгерлер корпусы командирі подполковник Жігер Аиповқа Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын табыс етті. Әскери қызметшілер дислокация орнына жеткен соң біздің мемлекетіміздің нышаны Голан биіктіктеріндегі қазақстандық бітімгерлік базаның аумағына ілінетін болады. Командирдің айтуынша, бітімгерлік контингенттің жеке құрамы кешенді дайындықтан өтті және БҰҰ миссиясының мандаты шеңберінде жүктелген міндеттерді орындауға дайын. Бұл Қазақстан тарихындағы алғашқы дербес ұлттық бітімгершілік контингент. Голан биіктігіне аттанған 139 әскери қызметшінің жетеуі мединициналық, санитарлық және аспаздық жұмыстар атқаратын әйел азамат. Бітімгерлік миссияның мерзімі – 1 жыл.

БҰҰ-ның Голан биіктіктеріндегі бөлінуді бақылау миссиясын атқаратын сарбаздар сапында Самаркин ауылының тумасы Жанарыс Мараттың болуы үлкен мақтаныш. Ол Абай атындағы орта мектепті тәмамдаған соң өзінің жүрек қалауымен Шортанды қаласындағы Қорғаныс министрлігінің Ш.Уалиханов атындағы кадет корпусына оқуға түсті. Әскери мамандығын алып шыққан соң Қазақстан Қарулы күштеріне қызметке тұрды. Армияның элиталық құрамы саналатын бітімгерлер сапында болуды армандап елімізде жасақталып жатқан корпусқа қабылдануға өтінішін берді. Әскери қызметтің үздік жауынгері ретінде жолы болып іріктелген құрамға алынып, Қапшағай қаласы маңында әскери дайындықтан өтті. Енді, міне, көздеген мақсатына жетіп, алыстағы Таяу Шығыстың таулы аймағына бітімгерлік миссиямен аттанды. Жанарысты Алматыға арнайы барған әкесі Марат, аға-жеңгесі Алпыс пен Жазира сәттілік тілеп шығарып салды. Үйде теледидардағы хабарларға үздіге үңілген 95 жастағы әжесі Қадірлім, анасы Мүгілсін айдың-күннің амандығын, заманнның тыныштығын Алладан сұрап отырды. Құқық қорғау саласындағы қызметтегі келіншегі Гүлбаршын да осы тілектердің ішінде. Сәт сапар, саған жас сарбаз Жанарыс! Борышыңды абыройен атқарып, туған жеріңмен, жанұяңмен аман-есен қауышқайсың!

Қазақстан – әу бастан ел ішіндегі ғана емес, жаһандық бейбітшілікті сақтауды басты ұстаным еткен мемлекет. Осы ретте әлемдік тұрақтылық пен қауіпсіздікті қолдап, түрлі қақтығыстар мен жанжалдарды бейбіт жолмен шешуді  ұсынып келді. Бұл жолғы бітімгерлік миссия да осының дәлелі.

Айбек НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT