Астана қаласында бастауыш сынып мұғалімдері арасында өткен «Зияткер ұстаз» республикалық шахмат турнирінде Құрманғазы ауданынан қатысқан Гүлбаршын Кенжеғалиева жеңімпаз болды.
Қазақстан шахмат федерациясы ұйымдастырған зияткерлік додаға еліміздің 20 өңірінен 130-дан астам педагог қатысты. Жалпы жүлде қоры 2 млн теңгені құраған турнир мұғалімдердің кәсіби және интеллектуалдық әлеуетін арттыруға бағытталды.
Байқау қорытындысына сәйкес бірінші орынды атыраулық Гүлбаршын Кенжеғалиева иеленсе, екінші орын Шымкент қаласынан Айгерім Жұмадиловаға бұйырды, ал үшінші орынды алматылық Жұлдыз Есенбаева алды.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, шара мұғалімдердің шеберлік деңгейінің жылдан-жылға өсіп келе жатқанын айқын көрсетіп, шахматтың білім беру жүйесіндегі стратегиялық ойлау мен зияткерлік қабілеттерді дамытудағы маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Әділет ҚАНАТҰЛЫ


