Құрманғазылық оқушы қатарынан екі рет автокөлік ұтып алды

(0 Votes)

Батыс Қазақстан облысындағы Теректі ауданының құрылғанына 90 жыл толуына орай ұйымдастырылған аламан бәйгеде Орлы ауылының тұрғыны Алтынбек Хамиттің “Қарақұс” атты сәйгүлігі жеңіске жетіп, автокөлікке ие болды, деп хабарлайды Құрманғазы ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Орлылық Алтынбек Хамиттің айтуынша, “Қарақұс” тұлпар осымен Батыс Қазақстанда өткен аламан бәйгеден екінші мәрте көлік ұтып отыр.

Бұған дейін Шыңғырлау ауданының 95 жылдық торқалы тойына орай өткен бәйгеде бас жүлде автокөлікті қанжығасына байлаған еді.

Міне, кеше дүбірлі додада үшінші рет бәйгеге қосқан тұлпар 36 шақырымды еңсеріп, жеңіс тұғырынан көрінді.

Бапкерлері Қарағанды облысынан Мерей Исин және Алматы облысынан Жандарбек Әжі. Бұл екі бапкердің де баптаған сәйгүліктері нағыз аламанда бәйге бермей келеді. Сәйгүліктің бәйгеде бірінші болып келуі, атқа ғана қатысты емес, үстіндегі шабандоз баланың да таным түсінігіне байланысты.

Жеңіс тұғырына табан тіреу үшін шабандоз бен сәйгүліктің арасында өзара тығыз сенім орнауы керек. Бұл ретте, осымен екінші мәрте аламанда көлік ұтып отырған аттың шабандозы Еркеш Жарылғасұлын айтуымыз орынды.

Шабандоз қай кезде қамшылап, қай кезде аттың басын тартуды біледі. Ауданның абыройын асқақтатқан атбегілерге, әрдайым сәйгүліктерінің бабы мен бағының қатар шабатын шабандоздарына жүйріктеріңіз мәреге дара жетіп, бәйге төрінен көрінсін дейміз!

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT