Құрманғазыдағы, ауыз судағы қайдағы иіс?

фото: Егемен Қазақстан
(0 Votes)

Бірнеше күн бойы қолданып отырған ауыз суымыздан дәм, иіс шығып тұрды. Оны қайнатып ішкеннің өзінде сол дәм сақталды. Бұл Құрманғазы ауылы тұрғындарының алаңдаушылығын туғызды.

Осыған орай «Құрманғазы су арнасы» ЖШС-не хабарласып, бас инженер Бисембай Рамазановтан жағдайды білдік.

– Тұрғындардан дабыл түскеннен кейін кеше аудан әкімі өзі аяқтай келіп жағдаймен танысты. Біз су жиналатын резервуарды жазда тазалай алмаймыз. Сол себепті жақында 10 күндей тазалық жұмыстарын жүргіздік. Сосын хлорладық. Иіс, дәм шығатын себебі резервуардың түбіне батпақ тұнған. Өзіңізге мәлім жаз бойы өзен бойын трактормен қазды. Ағыстың бойымен келген лай суды жағада тұрған насос сорады. Сүзгі болғанымен де батпақ кетеді. Ол резервуардың түбіне шөгеді. Батпақ 200 мм құбырлардың бойына да тұрып қалған. Алдыңғы 1-2 күнде қатты иіс болды. Оны жоққа шығармаймыз. Осының бәрін тазалап шықтық. Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының мамандары да келіп сынама алды. Зиянды ештеңе жоқтығын айтты. Бүгін тұрғындар тарапынан ешкім хабарласқан жоқ. Әрине, кейбір құбырларда әлі де дәм болуы мүмкін. Бірақ, бір-екі күнде бәрі реттеледі.

– Сіздерге «Қиғаш су сорғысынан» ауыз су тазаланып келмей ме?

– Олар да жақында жаңа су желісін іске қосты. Содан кейін оның бойын жуды. Сол себепті бұдан бірнеше күн бұрын да ауыз суда иіс пен дәм болды. Қазір қалпына келді. Осылайша ауыз судағы иіс пен дәмнің неден шыққаны анықталды. Резервуарларды, құбырларды тазалағаннан кейін ондағы иіс суға сіңетіні анық. Сапалы ауыз сумен қамту жүйеге түседі деген ойдамыз.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT