Құрманғазыда жас аналарға арналған мотивациялық тренинг өтті

(0 Votes)

Аудандық орталықтандырылған кітапханада «Әйел.Ана.Отбасы» тақырыбымен жас аналарға арналған мотивациялық семинар-тренинг өтті. Тренингке 24-45 жас аралығындағы 1-ден 8 балаға дейін тәрбиелеп отырған округтердегі жас аналар және аналар кеңесінің төрайымдары қатысты.

Ұйымдастырушылар – аудандық аналар кеңесі мен аудандық «Отбасын қолдау орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесі. Шара С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінің әншісі Раушан Сәрсенованың орындауындағы әнмен ашылып, жоғарыда аталған орталықтың бөлім басшысы, аудандық аналар кеңесінің мүшесі, «Жансая» көшбасшы аналар клубының жетекшісі, облыстық мәслихат депутаты  Зәмзәгүл Карсакова сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. «Отбасын қолдау орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің психологы Жазира Болатова шараны жүргізіп, қатысушыларды таныстырды.

Семинар-тренинг бағдарламасында спикерлер кезекпен ортаға шақырылды. «Бақытты ана – бақытты бала» бөлімінде Котяев дәрігерлік амбулаториясының дәрігер акушеркасы Гүлбаршын Қабиева бала дүниеге келгеннен соң 3 күннен кейін анасын танитынын айтып, ана мен бала денсаулығын қорғау, сәбидің қоршаған ортаға бейімделуі, дамуы үшін қолайлы орта жасау жөнінде түсінік берді.

«Real-life situations» құқықтық кеңес бөлімінде облыстық адвокаттар алқасының мүшесі, аудандық аналар кеңесінің жанындағы Отбасын сақтау жөніндегі ресурстық орталықтың жетекшісі Ұлмекен Сапарова қатысушыларға 4 жағдаяттық (ситуациялық) сұрақ беріп, сол бойынша пікірлерін тыңдады.

«Сергіту сәті – әрдайым қозғалыста бол» атты бөлімінде Абай атындағы орта мектептің дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Данагүл Рахымғалиева қатысушылармен сергіту жаттығуларын жасады.

«Позитивті дүкен» жаттығуында қатысушылар өздерінің жаман әдеттерін қағазға жазып себетке тастап, сыртына жақсы қасиеттер жазылған қағаз жапсырылған тәттілер мен алмаларды алды. «Мақтану орындығы» жаттығуында жас аналар өздерінің ата-аналарымен, азаматтарымен, енелерімен, балаларымен мақтанатынын жеткізді. «Storytelling – «Жаңа Мен, өзгеріске бір қадам» атты бөлімінде «Отбасын қолдау орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің бөлім басшысы Зәмзәгүл Карсакова жас аналарға 5 сұрақтан тұратын жарнама, баланы бақытты ететін сиқырлы 10 сөз жазылған смайликтер таратты.

Тақырыпты тарқата әңгімелеп, ұрпақ тәрбиесі – ұлт алдындағы міндет екеніне, мақсат ананың білімін арттыру арқылы әке беделін көтеру екеніне тоқталды. «Өзіме хат» атты бөлімінде жас аналар гүлде тұрған қағаз көбелектің ішіндегі қағазға армандары туралы хат жазды.

Шараны аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова қорытындылап, ұйымдастырушылар мен жас аналарға Алғыс хаттар табыстап, ризашылығын білдірді. Қатысушы жас аналарға семинар-тренингтің жақсы әсер қалдырғаны жөнінде ой-пікірлерін ортаға салды. Соңында аудан өнерпаздары Заря Қуанышқызы мен Раушан Сәрсенованың орындауындағы әсем ән тыңдалды.

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT