Құрманғазыда төтенше жағдай оқу-жаттығуы ойдағыдай өтті

(0 Votes)

Ауданда төтенше жағдайлардың алдын алу және азаматтық қорғаныс жұмыстарын жетілдіру мақсатында облыс әкімімен бекітілген кестеге сай  үш күндік кешенді оқу-жаттығу болып өтті. Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу шеңберінде өткен шара төтенше жағдай кезінде ауданның басқару органдарының іс-әрекетін пысықтады.

Алдымен аудан әкімінің орынбасары Қайрат Бөлековтің төрағалығымен жиын өтіп, оған аудандағы төтенше жағдай және эвакуациялық комиссия мүшелері, азаматтық қорғау қызметтері мен құрылыдарының басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты. Жиында Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Бақыт Абыланов, бас маманы Ардақ Өтенов оқу-жаттығудың мән-маңызы, атқарылатын іс-әрекеттер жөнінде түсініктер берді.

Оқу-жаттығудың екінші күнінде төтенше жағдайлардың алдын алуға қатысатын күштер мен құрылыдар сапқа тұрғызылды. Өртке қарсы,  қоғамдық тәртіпті сақтау,  медициналық жедел көмек көрсету, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау, апат кезінде ақпарат және байланысты қалпына келтіру, жолдар мен көпірлерде қозғалысты қамтамасыз ету, электр энергиясымен үзіліссіз жабдықтау, су құбыры бойындағы техникалық апатты жою, жануарларды және өсімдіктерді қорғау сияқты өзге де қызметтердің дайындығы, қажетті техникалармен, құрал-жарақтармен жабдықталуы тексерілді.  Оның қорытындысымен кейбір құрылымдарға жедел байланыс құралдарымен жабдықтауға байланысты ескертпелер айтылды.

Бұдан соң жер сілкінісі кезіндегі азаматтық қорғау басқару органдарының териялық сейсмикалық жаттығуы, эвакуациялауды жүргізуі, уақытша қабылдау пункттеріне орналастыру, көп қабатты ғимаратта апат орын алғанда өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметінің зардап шеккендерді далаға шығаруы, «жедел жәрдем» тобының алғашқы дәрігерлік көмек көрсетуі, дала өрті кезінде ерікті өрт сөндіру жасақтарының от-жалынды сөндіруге жұмылдырылуы, жануарлардан тарайтын аса қауіпті аурулардан туындайтын эпидемияға қарсы жедел әрекет тәжірибе жүзінде атқарылды.

Оқу-жаттығу барысында бірқатар шектеу шаралары енгізіліп, полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз етті, бірнеше рет дабыл беріліп отырылды. Үш күнге созылған шара аудандық полиция бөлімі мен өрт сөндіру бекетінің жеке құрамын дабыл бойынша көтерумен, эвакуациялық комиссия құрамының міндеттерін белгілеумен, азаматтық қорғанысы жабдықталған ғимараттарды, радиациялық-химиялық бақылау пунктерін дайындыққа келтірумен, аудан әкімдігінде кешенді оқу-жаттығуды қорытындылаумен аяқталды.

 

Айбек НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT