Құрманғазыда тоғаннан алғаш рет балық өнімдерін шығарды

(0 Votes)

Ауданымызда  балықты аулаумен шектелмей, оның түрлерін тоғанда өсіру біраздан бері айтылып  жүр. Бастапқыда бұл жұмысты қолға алғысы келгендер  табылғанымен, нақты іске көшкенде  тың салаға тайсалмай түрен салған  «Абдулов.Б» шаруа қожалығы.

Енді міне, «Шешінген судан тайынбас», дегендей, аталған  шаруашылық ауданымызда алғаш рет тоғанда балық өсіріп шығарды. Бұл Тәуелсіздік алғаннан бері болмаған нәрсе. Аудан әкімінің орынбасары Қайрат Бөлеков, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлыбек Төлепов, орынбасары Асқар Мұфтах «Абдулов.Б» шаруа қожалығында болып, жұмыс барысымен танысты.

Шаруа қожалығының басшысы Болат Абдулов: – Маусым айында Ақтау қаласынан әкеліп  екі тоғанға  салмағы 25 граммдық 25 мың африкалық клариелік жайынның шабағын жіберген болатынбыз. Жайынның бұл түрі өсуі үшін судың температурасы 7 градустан төмен түспеуі  тиіс. Бастапқыда жерсініп өсіп кетер ме екен деп, ешкімге айтқан жоқпыз. Төрт айда салмақтары 700-1200 граммға жеткенде аулап, ағын су бойындағы садокке (арнайы тормен қоршалған орын) салдық. Мұнда бірнеше күн  тұрғаннан кейін біразын цехта қатырамыз. Мүмкіндік болса алға қарай  өңдеп, өнім етіп шығаруды да жоспарлап отырмыз. Ресторандарда балықтың бұл түріне сұраныс жоғары. Себебі, дәмі тауықтікіне ұқсас, етті, іші тап-таза. Садоктердің ені мен ұзыны бес метрден, жем мен балықты сыртқа жібермейтін арнайы торлармен қоршалған. Тереңдігі 2,5 метр. Негізі бұл жерді қызыл балық өсіреміз деген есеппен дайындағанбыз. Осы екі садокте 10 тонна балық бар. Қасымдағы көмекшім Санат Мұқанов Ресейдің Астрахань, Саратов, Краснодар, Тамбов қалаларындағы тоған шаруашылықтарына барып, жұмыс барысын көріп қайтты. Көп көмегі тиді. Қазір бізге жұмысты жандандыру  үшін бастапқы айналымға әлі де қосымша 30 млн. теңге көлемінде қаражат қажет. Он адамды жұмысқа тарттық, – деп, несие алу үшін құжат жасақтауда кездесіп отырған қиындықтардан, алға қарай тоғанда қызыл балық, сазан, дөңмаңдай және басқаларын өсіргелі отырғандарынан  хабардар етті.

Аталған  шаруашылықтың қызметкері Санат Мұқанов: – Африкалық клариелік жайынның салмағы 3-5 келіге дейін тартады. Күніне бір балыққа  орта есеппен 30 келіден 4 рет жем шашылады. Арнайы жемінің келісі 850 теңгеден. Біздер кооперативтерден шыққан қалдықтарды да 35-40 теңгеден сатып алып, қатырып, кейін өңдеп жем ретінде пайдаға асырудамыз. Жалпы 50 тонна жем болса, 50 тонна балық өсіре аламыз. Екі  тоғаннан 20 тонна балық шығады. Алматы облысында су таза болғандықтан мұндай жайындар 1,5-2 айда өсіп жетіледі, – деп балық жемін қаңтардан бастап дайындай беруге ықпал етуді сұрады.

Тоған жанындағы балық цехын, жемін және балық өнімін сақтайтын орындарды аралап көрген аудан әкімінің орынбасары Қайрат Қуандықұлы: – Аудан көлемінде тоған шаруашылығын дамытуда алғашқы қадам жасап отырғандықтан сізді қолдап, басқаларға үлгі етеміз. Мұндай шаруашылықтарға мемлекет тарапынан қолдау жасауға дайынбыз. Балықты өсірумен қатар, осы жерден өңдеп дайын өнім ретінде тұтынушыларға ұсынуға болады. Аудан орталығында тоғаннан шыққан балық өнімдерін өткізетін орын ашайық. Атырау мен Астрахань облыстары  арасында  өзара меморандум жасалған. Астрахань қаласына  өнімдеріңіз кедергісіз өтеді. Қажет болса Ресей жерінде сауда нүктесін ашуды да қарастырайық, – деп құжаттарды реттеуге қол ұшын беруге уәде етті. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлыбек Бекетұлы мен орынбасары Асқар Зинетоллаұлы  өз ұсыныстарын ортаға салды.                                

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT