«Атамекен» ҰКП аудандық филиалы жанындағы Өңірлік кеңестің кезекті отырысы ауданымызда тоған шаруашылығын дамыту мәселелерін талқылауға арналды.
Кеңестің төрағасы Есболат Құбашев басқосуды ашып, қатысып отырған құқық қорғау органдары өкілдері мен мекемелер басшыларын, күн тәртібін таныстырып, өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салып отыруларын сұрады.
«Б.Абдолов» шаруа қожалығының басшысы Болат Абдолов:
«Б.Абдолов» шаруа қожалығының басшысы Болат Абдолов:
– Осы тоған шаруашылығы мәселесімен бармаған жерім жоқ. Былтыр Ауыл шаруашылығы министріне де хат жаздым. Еш жауапсыз қалды. Өзіміздің қаражатымызбен кірісіп жатырмыз. Инвестор таба алмай жүрміз. Шешімін күткен мәселе жеткілікті. Сазанды өсіруге – 3, қызыл балыққа – 7 жыл керек. 150 гектарға сазан өсіруді жоспарлап отырмыз. Астрахань облысында 53 тоғанмен жұмыс жасап отырған шаруашылықтар бар. Шымкент пен Шардарада да жақсы дамып кеткен. Оларда 2 айда балықтың салмағы артады. Жалпы балықтың салмағын көтерудің технологиясы көп. Бізде онымен айналысатын маман жоқ. Төлқұжаттандыру мәселесі де шешілмей тұр,– деді.
Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Асқар Мұфтах:
– Облыс әкімінің шешімімен аудандағы 9 тартым 6 табиғат пайдаланушыға бекітіліп берілді. Тартым деген жағасы, көлік тұратын орындары бар жер. Су айлығында ондай жоқ. Балықты су үстінде қайықтар мен кемелерде жатып аулайды. Қазір табиғат пайдаланушылардан балықты сүзіп алумен шектелмей, оларды өсіру үшін тоған шаруашылығын құру сұралуда. Тоған экономикалық тиімділігін зерделеп алып, Қиғаш пен Шарон өзендерінің бойынан салынады. Облыста тоған шаруашылығын дамытудың 2025 жылға жасалған жол картасы бар. Оған ауданымыздан «Сев Каспий Фиш» ЖШС, «Каспий-Балық» ӨК және «Б.Абдолов» ШҚ енген. Жобаның жалпы құны 3 млрд.950 млн. теңге. Ең көп ақша салайын деп отырғаны «Сев Каспий Фиш» ЖШС. Бірақ, ретке келіп, жұмыс жасап тұрғаны «Б.Абдолов» шаруа қожалығы. Қалған екеуі тоқтап тұр. Біз тоған шаруашылығын құрамыз дегендерге бюджеттік кодекс арқылы ғана көмектесе аламыз. Ал, жеке иеліктегі нысанғаа инфрақұрылым тартып беруге мемлекеттен қаржы бөлінбейді, – деп төлқұжаттандыруға қатысты түсінік берді.
Сонымен қатар көлдер картада тұрғандықтан оларды тоған ретінде пайдалану үшін Астанадан рұқсат керектігін алға тартты. Көтеріліп отырған мәселеге байланысты өңірлік комиссия мүшелері Замзагүл Карсакова, Бержан Кенжебаев өз ұсыныстарын ортаға салды. Аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов әкімдік тарапынан көмектесуге әзір екендерін, бұл мәселені шешуге жұмыстанатындарын жеткізді.
Қанат ҒҰМАРОВ