Аудандағы алдыңғы қатарлы «Е.Құбашев» шаруа қожалығы Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы Құрманғазы аудандық филиалының қолдауымен облыс бойынша алғаш рет ет бағытындағы тауар өндірушілердің көрме-жәрмеңкесін өткізді. Ашық алаңда ұйымдастырылған шара селекциялық жұмыстарды талқылаған шағын семинармен басталды.
Мал мамандарының басқосуында сөз алған аудан әкімі Абат Жанғалиев өңіріміздің мал шаруашылығы саласына, оны асылдандыру ісіне үлес қосып келе жатқан белсенді азамат Есболат Құбашевтің өлшеусіз еңбегіне үлкен ризашылығын білдіріп, Алғыс хатымен марапаттап, семинар жұмысына сәттілік тіледі.
Оңтүстік-батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институты облыстық филиалының директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының профессоры Дүйсеғалиев Мұхит малды асылдандыру бағытында елімізде селекциялық жұмыстар жүйелі атқарылып жатқанына тоқталды.
- Генетикалық селекция жұмысымен айналысып отырған шаруалар қазақтың ақбас тұқымын жетілдіруді, сол арқылы нарықтық экономикада бәсекеге сай болуын мақсат етіп отыр. Ақбастың төлдері біздің климатқа төзімзі келеді, туа салысымен тез аяқтанып кетеді. Жемшөптің кез келген түрін жей береді, шөбі тапшы жайылымдарда жылдам семіреді. Ірі сабақты пішен мен сабан талғамағандықтан күйі кете қоймайды. Ең бастысы, еті мол болғандықтан, шаруаның еңбегі өтеледі. Ақбас сиырлардың сүті аздау келгенімен, құнарлылығы мен майлылығы жоғары. Бірақ, көбіне-көп бұл малдар еті үшін бағылады. Мұндай мал өсіретін шаруалар күн сайын, ай сайын табыс таба алмайды. Төлін өсіріп, бағып жылына бір рет қана сата алады. Осылай табыс көзін келтіріп отырғандардың бірі Есболат әріптесіміз. Бізбен бірге біраз жылдардан бері қоян-қолтық жұмыс жасап келеді. Жолында кездескен қиындықтарға қарамастан табандылықпен жеңе білді. Бүгінгі өткізгелі отырған көрме-жәрмеңкесі де ауыл шаруашылығын өркендетуге бағытталған игілікті іс деп ойлаймын. Сатылымға қойылған бір жастық бұқашықтар өзге өңірлерден әкелінетін малдарға қойылатын карантиндік талаптардан өтпейді, - деген маман малды бірден табынға қоса беруге болатынан назарға берді.
Келесі кезекте аталған институттың аға ғылыми қызметкері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Тимур Мусин өзі айналысатын өсімдік шаруашылығы, оның ішінде тұранғы, жыңғыл, сексеуіл сынды көп жылдық өсімдіктердің шөлейт аймақтарда мал азығы ретінде пайдаланудың тиімділігі турасында айтты. Құрманғазы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қадырбай Жармұханбетов, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Руслан Сәуменов семинар тақырыбындағы өз ойларымен бөлісті. Көрме-жәрмеңкені ұйымдастырушы Есболат Құбашев оны өткізудегі мақсаты мен маңызын сөз етті.
– Шаруа қожалығын құрғалы бері малды асылдандыруға көңіл бөліп келемін. Алдымен Батыс Қазақстан облысынан үш бұқа, екі қашар әкелдім. Малды өз төлі есебінен өсірудің арқасында жергілікті жерге бейімделген мүйізді ірі қараның үш-төрт буыны алынды. Содан кейін, «Атырау жануарлар және өсімдіктер әлемі» ғылыми институты келісімшарт негізінде бөлген ғалым Жәнібек Аралбаевпен бірге селекциялық жұмыстарға ден қойдым. Ізденісті жұмысымыз өз нәтижесін беріп, «Асыл тұқымды мал өсіруші» статусына қол жеткізілді. Жасыратыны жоқ, біраз қиындықтар болды. Еселі еңбек пен тынымсыз тірлік сол кедергілерді еңсеруге мүмкіндік берді. Мен жеткен жеткен жетістіктерге ауылдастарым да жетсін деген ниетпен осы шараны ұйымдастырып отырмын, - дей келе жетекшілігіндегі шаруа қожалығы бүгіннен бастап «Атамұра агро» болып қайта құрылымдалғанын мәлімдеді.
Семинар соңында қатысушылар назарына казақтың ақбас тұқымды мүйізді ірі қарасының 12 айлық еркек баспақтарының таныстырылымы ұсынылды. Бордақыға қойылмай далада еркін жайылған бұқашықтардың тірілей салмағы 300-350 келі аралығын құрады. Көрме-жәрмеңке барысында бірінші кезекте аудандағы мал асылдандыруды мақсат еткен шаруашылықтарға шамамен 350 мың теңгеден 40 бас сатылды. Сұраныстың көп болуына байланысты алдағы уақытта мұндай жәрмеңке тағы да ұйымдастырылатын болады.
Айбек НӘЖІМОВ