Ұлттық мереке - Республика күні қарсаңында Құрманғазы ауданының 95 жылдығы торқалы тойы кең көлемде аталып өтті, - деп хабарлайды "Серпер" газетінің тілшісі.
Тай жарысына 9 тай шықты. Орлы ауылының тұрғыны Дүйсенов Нұрбектің «Ақтолқын» атты тайы мәре сызығын бірінші кесті. Екінші орынды сүйіндіктік Ақылбек Алдамжаровтың «Ұлытау» атты тайы еншіледі. Үшінші болып Махамбет ауданынан келген Дәулетхан Шапағаттың «Лашын» деген тайы мәреге жетті. Осы реттегі алғашқы үштіктен бөлек, жүлде тағайындалған төртінші-бесінші орындарға нұржаулық Эдуард Жұмағалиевтің «Лашыны» мен жұмекендік Кеңес Ғалимовтың «Қара дарасы» ие болды. Бірінші орынға - асыл тұқымды бұқа, екінші орынға – 150 000 теңге, үшінші орынға – 100 000 теңге, төртінші, бесінші орындарға 20000, 10000 теңгелік ынталандыру сыйлықтары берілді.
Құнан бәйгенің бас жүлдесі – жылқы малы мен мен 300 мың теңге Жылыой ауданының атбегісі Мұрат Машановтың «Шамшырағына» бұйырды. Екінші орынның асыл тұқымды бұқасы талай додада олжа салып жүрген орлылық Сәрсенғали Бимағанбетовтың «Тентекқарасына» бұйырды. Үшінші орынның 150 мыңдық байрағы осы атшабарда жаттығатын Айбек Аманжоловтың «Секретінің» қанжығасында кетті. Төртінші орынның 30000 теңгесін Теңіз ауылының белгілі атбегісі Жақсылық Қапеновтің «Покері» мен бесінші орынның 20000 теңгесін жұмекендік Әлихан Мәліктің «Айтұмары» місе тұтты.
Аламан бәйгег жарыс жолына 33 ат қосылды. Тек мәреге жақындағанда ғана Қайрат Ізбасаровтың «Ақсұңқары» үзеңгілес келе жатқан «Қаршыға» атты сәйгүліктің алдын орап кетті. Бұл күнгі аламанның жүлделері басқа өңірлерден келген қонақтарға бұйырды. Үшінші орын сонау Қарағандыға кетсе, төртінші орынның 50 мыңы көршілес Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданына жол тартты. Бас жүлде – «Шевроле» автокөлігі мен екінші орынның асыл тұқымды бұқасы мен 500000 теңге Ақтөбе қаласының атбегілерінің мерейлерін асқақтатты.