Жаңаталап ауылдық округіне қарасты Хиуаз ауылының мәдениет үйінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының кандидаты, әнші, композитор Сәуле Жанпейісованың «Ер есімі – ел есінде» атты авторлық кеші өтті.
Ел басына күн туған, сонау сұрапыл Ұлы Отан соғысында төбесінде жасындай ойнаған, 300 мәрте түнгі әуе шабуылын жасап, «түн перісі» атанған, қазақтың қаһарман ұшқыш қызы Хиуаз Доспанованың ерлігі мен есімі ел жадында мәңгі жатталуы қажет. Осы мақсатта келер жылғы Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Мәскеу қаласында Сәуле Жанпейісованың ән кеші өткен болатын. Сол концерттік бағдарлама батыр әжеміздің туған жеріне тарту етілді. Сахнаға шыққан әнші, композитор авторлық кештің маңызына тоқталып, «Хиуаз» әнінің шығу тарихы туралы баяндап, Мәскеуде өткен шараның әсерімен бөлісті.
Кешті «Бейбіт күн тілегі» әнімен ашып, «Сүйген жар», «Онегиннің өлердегі сөзі», «Еске алу», «Қара шәлі», әндерімен көрерменнің құлақ құрышын қандырды. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенті, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты, Сәуле Стаханшылқызының шәкірті, махамбеттік Шыңғыс Нұрғалиұлы «Кестелі орамал», «Батыр Бауыржан», «Журавли» сынды соғыс тақырыбындағы рухты әндерді шырқап, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Қазақтың қанатты қызы Хиуазға арналған Нұрсұлтан Мықтыбайдың сөзіне жазылған Сәуле Жанпейісованың «Хиуаз» әні орындалған сәтте зал толы көрермен орындарынан тік тұрып, ыстық ықыластарын білдірді. Осылайша, бұл жаңа туынды Мәскеуден кейін батыр әжеміздің туған жерінде орындалды.
Бұдан кейін әншінің шашбауын көтеріп келген Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, композиторлар одағының мүшесі, музыкатанушы, ақтөбелік Аманжол Исмагулов, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, республикалық «Сарайшық» журналының бас редакторы, ақын, жерлесіміз Гүлзада Ниетқалиева сахна төріне көтеріліп, жүрекжарды лебіздерін арнады.
Әнші, Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының әншісі, ҚР Мәдениет қайраткері Ханзада Сахыпова әсем әндерін шырқады. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрлыбек Қалиев құттықтау тілегін жеткізіп, авторлық ән кешін ұйымдастырған дәстүрлі әнді насихаттаушы Сәуле Жанпейісоваға үлкен ризашылығын айтып, өзіне және қасындағы қонақтар әнші Шыңғыс Нұрғалиұлы, Ханзада Сахыпова, ақын, журналист Гүлзада Ниетқалиева, музыкатанушы Аманжол Дүйсенұлына «Құрманғазы ауданының 95 жылдық» мерекелік медалін табыстады.
Айнагүл Шакупова