«AMANAT» партиясы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының кезекті жиналысы өтті.
Оны комиссия төрағасы Бержан Кенжебаев жүргізді. Алғашқы кезекте аудандық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Ринат Нұғымановтың өткен жылы атқарылған жұмыстар бойынша хабарламасы тыңдалды.
Хабарламашыға комиссия мүшелері тарапынан Орлы ауыл ішілік жолы, спорт кешені құрылысына, Азғыр жолына қатысты сұрақтар берілді. Комиссия мүшесі Ерлан Хисметуллин биыл аяқталғалы отырған құрылыстар созылып кетпеуі үшін партиялық бақылауға алу қажет деген ұсынысын ортаға салды. Аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов ағымдағы жылы бітетін нысандардың қатарында Нұржау ауылдық клубы, орталық стадион, мүгедектерді оңалту мекемесінің ғимараты, 10 медпункт барын жеткізді. Басқа да қатысушылардың пікірлері тыңдалып, сұрақтарға жауап берілгеннен кейін комиссия төрағасы Бержан Ахонұлы ешқандай нысандар салынбаған елді мекендер барын, соларды да жобаға кіргізу қажеттігін айтты.
Аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Шынболат Мусиннің хабарламасы құрылысы жүріп жатқан автомобиль жолдары, жаңадан салынатын нысандарға жасалған жобалық-сметалық құжаттар, олардың ішінде мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алғандары, атқарылған санитарлық жұмыстар, техникалар сатып алу, қысқы дайындық бағытында жыл ішінде жасалған жұмыстарды қамтыды. Бөлім басшысының хабарламасы тыңдалғаннан кейін комиссия мүшелері тарапынан бірқатар сұрақтар берілді. Комиссия төрағасы Бержан Кенжебаев жол құрылысын қатаң қадағалауды, облыстық деңгейдегілерін бақылауды облыстық партиялық бақылау комиссиясынан сұрауды ұсынды. Аудан әкімінің орынбасары Марат Ізмұханұлы 2 жылу қазанын қайта жасатқанның арқасында, олардың қыста қатып қалып, төтенше жағдай орын алуының жолын кескендерін қаперге берді. Бөлім басшысы Шынболат Шынтемірұлының мәлімдеуінше Шипажай бағытына көпір салу, аудан орталығындағы кейбір тар көшелерді кеңейту жөнінде бюджеттік өтінім жіберілген.
«Құрманғазы су арнасы» ЖШС-нің бас инженері Бисембай Рамазанов өз хабарламасында аудан тұрғындарын ауыз сумен қамту бойынша 2023 жылы атқарылған жұмыстарды ортаға салды. Хабарламашының айтуынша өр суының келуі азайып, Шарон, Қиғаш өзендерінің жылдан-жылға тайыздап бара жатуы себебінен 5-6 нысандағы су соратын сорғылар қайырлап қалуда. Оларды өзгертіп жүзбелі немесе қалқымалы су сорғысымен жабдықтау қажеттігі туындауда. Техникалық жазғы су құбырларымен қамтылмағандықтан тұрғындардың ауыз суды егін суаруға пайдалануы бұл мекемеге артық электр энергиясы шығындарын әкелуде. Су мәселесінен жан-жақты хабардар маман Бұзауслан ауылын ауыз сумен қамту үшін Жапырықтан СТИ-ын, Қадыр ауылындағы 60 пәтерлі үйлер жанынан су резервуарын салып насос қоймаса тіршілік нәрін жеткізу қиындық туғыза беретінін жеткізді. Маңғышлақ су құбыры арқылы берілетін судың да лимитін ұзартпаса, қазіргі мөлшерден артық бермейді. Лимит бітіп қалса тоқтатады да тастайды. Комиссия мүшесі, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ерлан Хисметуллин өз тарапынан ауыз сумен қамту өткір мәселе болып отырғандықтан ақпан айында аудан әкімдігі, сумен қамтитын мекемелердің қатысуымен үлкен жиын өткізуді ұсынып, ол қолдау тапты.
Қанат ҒҰМАРОВ