Ауданның жас спортшылары мектеп лигасы ойындары мен түрлі спорттық додаларда табысты өнер көрсетті. Сонымен қатар, бұқаралық-спорттық және әскери-патриоттық бағыттағы сайыстарды үздік нәтижелерімен танылды.
Үздіктерді ұлығылау мақсатында С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде «Додада топ жарған дүлдүлдер» атты VІI аудандық спортшылар слеті өтіп, түрлі додалардың дарабоздарына құрмет көрсетілді.
Алдымен аудан әкімі Абат Жанғалиев шараға жиналғандарды спорт мерекесімен құттықтап, балаларын спорт секцияларына беріп, дене шынықтырумен шұғылдануларына бар мүмкіндікті жасаған ата-аналарды сахна төріне шақырып, Алғыс хатымен марапаттады. Осындай құрметті «Алтын доп» республикалық мектеп лигасының жеңімпаздары, Н.Манаев атындағы жалпы орта мектептің 7-8 сынып оқушылары мен олардың жаттықтырушыларына, өзге де спорттық табыстарға жеткен жас жеткіншектерге көрсетті.
Келесі кезектерде аудандық мәслихат төрағасы Гүлжанат Қалиева, облыстық білім беру басқармасы балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік және ғылыми-пратикалық орталығының әдіскері Алтын Ғабитова ел намысын қорғап жүрген жас споршыларды баулуда аудандық балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының, жас туристер бекетінің жұмыстарын айрықша атап өтіп, жақсы көрсеткішке қолжеткізген жеткіншектердің бір тобын ұлығылады. «Жас ұлан», «Айбын» әскери-патриоттық сайыстарының жүлдегерлері мен мектептердің алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушыларына аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы Ернар Мұхамбетқалиев Алғыс хатын ұсынды. Одан әрі марапаттау легін аудандық полиция және мәдениет, тілдерді дамыту және спорт аудандық білім бөлімдері жалғастырды.
Айбек НӘЖІМОВ