С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде жалғасын тапқан еске алу шарасы Ұлы Отан соғысының ардагері Саттар Нұрмашұлының туғанына 100 жыл толуына орай «Ұлты ұлықтаған, елі ардақтаған тұлға» деп аталды. Алдымен жиналған қауым туған жердің түлегін 1 минут үнсіздікпен еске алып, рухына тағзым етті.
Сахна төріне көтерілген аудан әкімі Абат Жанғалиев тарих толқынындағы тұғырлы тұлғаның өмірі мен еңбек жолына тоқталып, қызы Элеонора Саттарқызына естелік хатын табыстап, өңіріне «Имашев Саттар Нұрмашұлының туғанына 100 жыл» төсбелгісін қадады. Осындай құрмет онымен бірге алыстан ат арытып келген қонақтарға, яғни туыстарына көрсетілді. Арнайы төсбелгімен ауданымыздың зиялы қауым өкілдері, С.Имашев атындағы жалпы орта мектептің ардагер ұстаздары, Бірлік ауылының еңбек ардагерлері марапатталды.
Шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Ғайнетов, ҚР еңбек сіңірген заңгері Ирак Елекеев, С.Имашев атындағы жалпы орта мектеп директоры Ұштап Гарипқызы сөз сөйлеп, марапаттар тапсырды. Саттар Имашевтің туғанына 100 жыл толуына орай волейболдан аудандық мектеп мұғалімдері арасында ұйымдастырылған турнирде жүлделі І орынды иеленген Бауыржан Бегалиев атындағы жалпы орта мектебі, ІІ орыннан көрінген Абай атындағы жалпы орта мектебі, ІІІ орынды місе тұтқан Фариза Оңғарсынова атындағы жалпы орта мектебінің командаларына кубоктар мен медальдар табысталды.
Соңында ұ атынан қызы Элеонора Саттарқызы мен немере інісі Нұрлан Имашев сөз сөйлеп, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді. Шарада Алия Отарбайқызы «Жауынгер», Айбар Күнтуаров «Ақ Қиғашым», Қайрат Сайфуллин, Раушан Сәрсенова «Ауылға сағыныш» әнідерін орындаса, «Көңіл толқыны» күйін Жанерке Қуанышқали күмбірлетті. Ұлан Иманғалиев «Дара тұлға» өлеңін оқыса, Саттар Имашев атындағы жалпы орта мектебінің мұғалімдер хорымен шара тәмамдалды.
Айнагүл Шакупова