Құрманғазыда отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның отырысы өтті

(0 Votes)

Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында өткен аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның отырысын оның төрағасы Амангелді Мұратов жүргізіп, күн тәртібімен таныстырды.

«Құрманғазы ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жанындағы отбасын қолдау кабинеті бойынша 2024 жылдың 9 ай мерзім ішінде атқарылған жұмыстары» туралы бөлім басшысы Жігер Жанханов баяндады.

Мәжілісте ауданымызда ашылатын отбасын қолдау орталығы, оның қызметі талқыға алынып, жан-жақты сараланды. Мұнда өмірлік қиын жағдайға тап болған жандар қолдау табатын болады. Орталық мамандары тегін қызмет көрсетеді. Ел бойынша отбасын қолдау орталықтарын ашу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасынан бастау алды.  

«Білім беру ұйымындағы жасөспірімдер мен балалар арасындағы буллингтің алдын алу» бағытында аудандық білім бөлімінің басшысы Еділ Баяров хабарлама жасады. Қоғамда балалар арасындағы қылмыстың, буллинг сынды келеңсіздіктің таралуы, ең алдымен, ересектердің өз жауапкершілігіне салдыр-салақ қарауының белгісі екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Қазіргі күні көпшілік уақытты алдымен — жұмысқа, одан қалды той-жиын мен әлеуметтік желілерге жұмсайды. Ал баланың тәрбиесіне уақыт «жете» бермейді…

Бірақ айналып келгенде баланың қолымен жасалған қылмыс, буллинг үшін заң алдында ата-ана жауап береді. Буллингке ұшыраған жағдайда бала өзінің ата-анасына, сынып жетекшісіне немесе мектеп психологіне шағымдануы керек.

Ал буллингтің алдын алу және ондай жағдайларды барынша азайтудың бірден-бір жолы — қоғамда, әсіресе отбасы мен мектепте өзара сыйластыққа негізделген қарым-қатынасты біржола орнықтыру, өмір салтына айналдыру. Бұл әзірге қиын секілді сезілгеннің өзінде, ата-ана мен ұстаз, қоғамның әр жанашыр мүшесі осыған атсалысуға тырысқаны абзал. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» дегендей, алға қойылған мақсат баршамыздың соған жетуге үлес қосуымыз арқылы ғана жақындай түспек.

Мәжілісте аталмыш өзекті мәселені комиссия мүшелері жан-жақты талқыға алды. Олардың пікірлері мен ұсыныстары тыңдалып, хаттамаға енгізілді. Күн тәртібіне сай өзге де мәселелер қаралғаннан кейін комиссия төрағасы Амангелді Хайдарұлы қорытындылады.

Айнагүл Күнұзаққызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT