Елімізде 2013 жылдан бастап қыркүйек айының екінші жексенбісінде Отбасы күні атап өтіледі. Отбасы - балаларды оқуға тартуға әсер ететін ең маңызды әрі басты институт. Отбасылық бірлікті ұрпаққа жалғастыруды насихаттау негізінде "Отбасымен бірге оқимыз" тақырыбында кездесу кеші өткізілді.
Шараға кітапханамыздың үздік оқырман отбасылары, ұлағатты ұрпақ өсіріп отырған - Серікбаевтар, Мырзабековтер және Қабдрахмановтар отбасылары шақырылды. Бұл жанұялар - көпке үлгі, қандай құрметке де лайық жандар. Кітапхана ардагері Талшын Айдынғалиқызы және мемлекеттік қызмет ардагері Роза Хабдықызы немерелерін кітапханамен таныстырып, әдеби шығармаларға қызықтырып, кітап оқуға баулуға жұмыстанып келеді. Олар өздерінің оқыған кітаптары жөнінде қызықты әңгіме өрбітіп, ата -ана және олардың балаларының қолында жақсы кітап бар болса - ол үйде оқырмандық атмосфера, рухани бірлік болатынына тоқталып, отбасымен бірге кітап оқуға шақырды. Ата-ана Гүлшара Қабдрахманова отбасымен жиналып кітап оқу дәстүрі - мәңгілік есте қалатынын, отбасын біріктіретін, сыйластықты нығайтатынын айтып, оқыған кітаптары жөнінде әңгімелеп сұрақтарға жауап берді. Балалар да оқыған кітаптары бойынша өзара ой- пікірлерімен бөлісті.
Осындай іс-шара арқылы кітапхананың «Оқымысты оқырмандардың» істерін кейінгі жастарға үлгі ретінде көрсетіп, отбасылық ынтымақ пен татулық дәріптелетіні сөзсіз. Тақырыптық кештің негізгі мақсаты – отбасылық құндылықтарды насихаттап, кітап арқылы мейірімділік пен адамгершілікке тәрбиелеу болды.
Айнагул Шакупова