Биылғы Наурыз мерекесін бірлік, бауырластық пен ынтымақ мейрамы ретінде қарастыратын жаңа тұжырымдамаға сәйкес атап өту жоспарланып отыр. Күй өңірі Құрманғазы ауданы да 14-24 наурыз күндері аралығындағы әркүнді қазақтың салт-дәстүрімен, ұлттық болмысын ашып көрсетуге бағытталған «Наурызнама» тұжырымдамасына сай тойламақшы.
Бұл бағыттағы дайындық жұмысының барысы аудан әкімдігінде өткен аппарат жиынында талқыланды. Оған аудан әкімі Абат Жанғалиев төрағалық етті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім, кейбір мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты. Мәжілісте бір ғана мәселе қаралып, аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов жасақталған жоспарды ұсынып, өтетін іс-шараларды, оған жауаптыларды таныстырды. Қыс кетіп, тоқсан шығып, көктемнің алғашқы хабаршысындай болып енген Көрісу күнінен басталған Наурызнама онкүндігінде игі істер марафоны, мәдениет және ұлттық салт-дәстүр, Шаңырақ, ұлттық киім, жаңару, ұлттық спорт, ынтымақ, жыл басы және тазару күні ауданымызға қарасты барлық ауылдық округтерде атап өтіп, осылайша өңір тұрғындары биылғы наурызды тағылым аларлықтай өнегелі істерімен дәріптемек. Мерекелік шараны жоғары дейгейде өткізу бағытында өткізілетін бағдарламалары, қауіпсіздік шаралары, тазалық жұмыстары пысықталып, 22 наурыз күні аудан орталығында ауылдық округ, дербес бөлім, кейбір мекемелердің қатысымен бірлескен түрде 10 киіз үй тігіліп, халықтық серуен ұйымдастырылады.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Абат Жанғалиев Наурыздың ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі маңызын атап өтіп,күн тәртібіндегі қаралған мәселелер бойынша тиісті бөлімдер мен ауылдық округ әкімдеріне өздеріне міндеттелген жұмыстарды жоғары деңгейде орындауды тапсырды.
Айнагүл Күнұзаққызы