Құрманғазыда Мүтиғолла Ғанидың шығармашылық кеші өтті

(0 Votes)

С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде бүгінде шәкірт тәрбиелеп, өлкеміздің айтыс өнерінің өркендеуіне зор үлес қосып жүрген, өз заманында талай додаларда топ жарып, жеңіс шыңынан көрінген айтыскер ақын, "Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер халықаралық одағының" мүшесі, жерлесіміз Мутиғолла Ғанидың «Өнерімен өнеге өлке мақтанышы» атты мәдени шара өтті.

Алдымен аудандық өнерпаздар кеш иесінің өлеңдерін оқыды. Жүргізуші Болат Бидоллаев Мүтиғолла Ғаббасұлын жұбайы Райса апамызбен сахнаға шығарып, төрден орын берді. Аудан әкімі Абат Жанғалиев мерейгердің туған өлкесі Сүйіндік ауылында да ән-жырмен көмкерілген керемет кеш өткенін жеткізді.

-Кез келген ел өнері, мәдениетімен танылып бағаланатыны анық. Сіз ғұмыр жолыңызда бойыңызға біткен ерекше дарыныңыз арқылы елдің рухын көтеріп, өнер сүйер қауымға зор қуаныш, шексіз мақтаныш сыйлап, жерлестеріңіздің мәдени талғамы мен танымын қалыптастырып, еліміздің әлеуметтік, рухани құндылықтарын паш етіп келесіз. Ұлттық өнеріміз айтысты дәріптеудегі еңбегіңізді ешкім жоққа шығара алмайды. Құрманғазы жұрты сізді сөз маржанын терген халық ауыз әдебиетінің өміршең жанрын ұстанған суырып салма ақын ретінде әркез мақтан тұтады. Өнер деп соққан жүрегіңіз көңіл тербеткен ақындық қырыңыз, тынымсыз ізденісіңіз ұлт руханиятына қызмет жасай берсін, - деген аудан басшысы мерейгердің иығына зерлі шапанын жауып, өңіріне М.Өтемісұлы атындағы «Дауылпаз» төсбелгісін тағып, елдің атынан құрмет көрсетті. Сонымен қатар, ақынды қолдап келген бір топ айтыскерлерге алғыс хатын табыстады.

«Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы» республикалық байқауының жеңімпазы Нұрлығайын Нұғмановты «Қ.Р. Құрметті азаматы» төсбелгісімен марапаттады. Аудандық мәслихат төрағасы Гүлжанат Қалиева ізгі тілегін білдіріп, сый-сияпатын тапсырды.

Кеш иесінің шашбауын көтеріп облыстың түкпір-түкпірінен жиналған ақындарға, мерейгердің шығармашылық шарасын ұйымдастырып ұлықтап жатқан аудан әкіміне үлкен ризашылығын білдірген академик жазушы Өмірзақ Қажымғалиұлы Мүтиғолла Ғанидың азаматтық келбетіне жан-жақты тоқталып, дәстүрлі өнерді дәріптеп, қасиетті айтыс аламанына шәкірт баулып тәрбиелеп жүрген ісіне сәттілік тіледі.

Ардагер ұстаз Нұрлығайын Нұғманов жүрекжарды лебізін білдірсе, ардагер журналист Таңатар Дәрелұлы Мүтиғолла інісіне арнаған сиясы кеуіп үлгермеген әзіл-шыны аралас жаңа өлеңін оқыды. Келесі кезекте кезінде ағамыздың кітаптарының жарық көруіне демеуші болған кәсіпкерлер Нұрлан Каримов, Еркінбек Халенов, Болат Жүгінісов, Керімбай Сабырғалиев сөйлеп, ақжарма тілектерін ақтарды.

Одан әрі құттықтау лебіздерін жалғастырған Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздіктері «Айтыс» қоғамдық қорының төрағасы Шынарбек Қабиев айтыс ақындарының атынан Мүтиғолла ағамыздың иығына шапан жауып, қолына домбыра сыйласа, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық Одағы» Атырау облыстық филиалының төрағасы Шалқарбай Ізбасаров Атырау облысы мәдениет басқармасының алғыс хатын ұсынды.

Жазба поэзияның көрнекті өкілдері Сәкен Адай, Арман Жайықбаев жалынды жырларын оқып, Елсана қауымдастығы атынан арнайы сыйлықтарын ұсынды.

Сахнаға айтыс жасау үшін аймақтық-республикалық ақындар айтысының жүлдегерлері, Мутиғолла Ғаббасұлының өнердегі інілері Нұрбейбіт Нұғманов пен Салауат Кәрімұлы шақырылды. Рухани-мәдени шарада С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінің өнерпаздары зал толы көрерменді әсем әнге бөлеп, кештің көрігін қыздырды.

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT