Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке мүгедектігі бар адамдарға көңіл бөліп, жұмыспен қамтуды тапсырған болатын. «Тұяғы бүтін тұлпар, Қанаты бүтін сұңқар жоқ» дегенді қазақ текке айтпаған. Екі аяқты пенде кемтарлық пен мүгедектікті құдайдан сұрап алмайды.
Бірақ, басқа салса одан ешкім де қашып құтылмайды. Бүгін дені сау адамның ертең сондай жағдайға ұшырамасына да ешбір кепілдік жоқ. Ғаламшарымызды мекен еткен адамзат қауымы түгелімен он екі мүшесі сау, төрт аяғынан тең басып тұрмағаны баршамызға мәлім. Ондай мемлекетті картадан қанша іздесеңіз де таппайсыз. Мүгедектікке туабітті кемтарлық, тосыннан болған апат, созылмалы дерт, әртүрлі соғыстар да себеп. Сонымен бірге, кемтарлық пен мүгедектік ұлтты және ұлысты, мемлекет пен қоғамды, бай мен кедейді жіліктеп таңдамайды. Дамыған мемлекет, өркениетті қоғам мүмкіндігі шектеулі жандардың ұпайларын түгендеуге, солардың жоғын жоқтап, мұңын мұңдауға міндетті. Адамгершілік тұрғыдан алғанда осылай болуы заңдылық. Әйтпесе, біздің айуаннан айырмашылығымыз қалмайды.
2023 жылы елімізде 532,3 мың мүгедек адамдар бары тіркелген. Олардың бәріне мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек көрсетіліп отыр. Қамкөңіл жандарға төленетін жәрдемақы былтыр 8,5 пайызға өсті. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде мүгедектігі бар тұлғалар халықтың басқа да осал топтарымен қатар еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар мен біліктіліктер бойынша қысқа мерзімді оқыту курстарынан басым тәртіппен өтуге, «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқуға, бизнес-идеяларды іске асыруға 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде өтеусіз негізде микрокредиттер мен гранттар алуға, әлеуметтік, бос жұмыс орындарына жұмысқа орналасуға құқылы. Сонымен қатар, І және ІІ топтағы мүгедектер мен мүгедек-балаларға білім саласы бойынша 0,5 пайыздық кәсіби және жоғары білім алуларына берілетін квота қарастырылған. Бiрiншi және екiншi топтардағы мүгедектер үшiн аптасына 36 сағаттан аспайтын жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы белгiленедi. Ұзақтығы кемінде күнтізбелік 6 күн болатын жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалысы берiледi. Түнгі уақыттағы жұмысқа тек мүгедектік бойынша келісімімен, оның денсаулығына мұндай режим тыйым салынбаған жағдайда жіберіледі. Осының бәрі қамкөңіл жандарға жасалған қамқорлық. Олар да өз хал-қадірінше мамандығына сай жұмысты ешкімнен кем атқармайды. Оған талай куә болып та жүрміз. Өткен жылы кәсіпкерлікпен айналысып жүрген жігіт туралы жаздық. Жұбайы көлігіне көтеріп мінгізсе де ел қатарлы еңбек етіп отбасын асырап отыр. Мұндай жігерлі жандар олардың арасында аз емес. Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа қабылдағандар да жақсы пікірде екенін естиміз.
Жалпы ауданымызда мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту қалай жүзеге асырылуда? Құрманғазы аудандық мансап орталығының бізге берген мәліметін тілге тиек етсек, күні бүгін ауданымыз бойынша 2589 мүгедектігі бар адамдар есепте тұр. Оның ішінде 211-і бірінші, 1035-і екінші, 1065-і үшінші топ мүгедегі. 18 жасқа дейінгі бала – 278. Былтыр ауданымыз бойынша 217 мүмкіндігі шектеулі адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Олардың 91-і жұмыспен қамту шараларына қатысты. 45-і тұрақты жұмысқа орналасса, оның 2-сі квотамен қабылданған. Қоғамдық жұмысқа – 32, «Жастар тәжірибесіне» – 6, әлеуметтік жұмыс орындарына – 1, кәсіби оқуға – 2 адам тартылды. 5-і грант алса, 30-ы «Бастау бизнес» жобасымен оқуға жолданды. «Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын ұйымдастыру» 1 адам «Г.Қайырленова Г.М» жеке кәсіпкерлігіне тігіншілік жұмысқа орналасты. Алға қарай да орталық тарапынан осындай жұмыстар жалғасын таба бермек. Еңбек етіскісі келген мүгедектігі бар адамдар назардан тыс қалмайды.
Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа қабылдауға келісім берген мекемелер әртүрлі жолдармен мадақталса, марапатталса да артық етпейді. Себебі, олар мемлекетіміздің саясатына түсіністікпен қарап, оны жүзеге асыруға атсалысуда. Сонда басқалар да оларға қарап бой түзер еді.
Қанат ҒҰМАРОВ