Ұлттық мереке қарсаңында Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжінде аудан мектептерінің оқушылары мен студенттердің арасында дойбыдан жарыс ұйымдастырылды. Спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткізілген додаға 11 команда қатысты.
Ашылу салтанатында алдымен еліміздің Әнұраны ойналып, дойбы жарысының төрешілері таныстырылды. Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжінің директоры Болатбек Өтегенов құттықтау сөз сөйлеп, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Облысымыздың бірнеше дүркін чемпионы, Қазақстанның екі дүркін чемпионы, Ташкент қаласында өткен Азия чемпионатының қатысушысы «Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер» Амира Есенғұлға, Қазақстанның екі дүркін чемпионы, Азия чемпионатының қатысушысы, алдағы уақытта Түркия мемлекетінің Алания қаласында өтетін Әлем чемпионатында еліміздің намысын қорғағалы отырған спорт шеберлігіне үміткер Айару Есенғұлға Атырау облысы дене шынықтыру спорт және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Н.Төлеуованың Алғыс хаты, Қарағанды және Орал қаласында өткен Қазақстан чемпионатында жүлделі І орын алып, «Жаңа Қазақстан чемпионы» атағын алған Ерасыл Елеусінге «Спорт шеберлігіне үміткер» атағы табысталды.
Бұл балғындар – Шортанбай балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің дойбышылары. Бұдан кейін төреші Бекжан Қабиев сайыскерлерге жарыс ережесін түсіндірді.
А.Шакупова