Құрманғазыда қыздар слеті өтті

(0 Votes)

С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде аудандық аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Парасатты да тәрбиелі қыз – қоғам айнасы» тақырыбында қыздар слеті өтті. Мақсаты – қыз балалардың рухани, мәдени дамуын қолдау, тұлғалық қасиеттерін ашу, ұлттық құндылықтарды насихаттау, көшбасшылыққа, белсенділікке ынталандыру.

Алдымен зал толы көрермен күйші Дина, алқашқы ұшқыш Хиуаз, Ұлы Отан соғысында ерліктің үлгісін көрсеткен әжелерімізден бастап, киелі жердің мәртебесін асырған даңқты қыздарымыз жөнінде бейнеролик тамашалады. Құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Қайрат Бөлеков «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт», «Салауатты сана» республикалық жобалары аясында өткелі отырған слеттің жұмысына сәттілік тілеп, өзінің алғыс хатымен түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген нәзікжандыларды марапаттады.

Облыстан келген арнайы қонақ Атырау облысы ішкі саясат басқармасы, «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы Кенжеқыз Мусағалиева жүрекжарды лебізін білдіріп, «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Л.Жылқышиеваның алғыс хатын республикалық олимпиадалар мен түрлі жобалар байқауларының жеңімпаздарына табыстады.

Слет жұмысының үшінші бөлімі «Тәрбиелі жастар – ел болашағы» атауына ие болды. Төртінші бөлімде «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» тақырыбында Жаңаталап ауылдық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Жанар Төлегенқызының баяндамасы тыңдалды. Тәжірибелік бөлімде «Шолпы тағу дәстүрі» сахналық көрінісі ұсынылды.

Слетті аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенқызы қорытындылап, мүмкіндігі шектеулі бауыры мен анасына қарайласып келетін Әдемі Сағатова, үш бауырының қамқоршысы Айдана Ерболатқызы, 90-ға келген әжесін бағып отырған Индира Мақсотоваға алғыс хатын табыстады.

Аудандық қыздар слетінің үндеуін Абай атындағы жалпы орта мектептің оқушысы Таңатар Нұрайна оқығаннан кейін аудан өнерпаздары Заря Қуанышқызы, Раушан Сәрсенованың орындауындағы «Қазақ қызы әдемі» әнімен шара тәмамдалды.

Айнагүл Күнұзаққызы   

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT