Құрманғазыда кәсіпкерлермен көшпелі мәжіліс өтті

(0 Votes)

Аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде Атырау облысы аудандарында кәсіпкерлікті, туризмді, ауыл және балық шаруашылықтарын қолдау шараларын түсіндіру және өзекті мәселелерді талқылау бойынша көшпелі мәжіліс өтті.

Оған аудандық мәслихаттың депутаттары, округ әкімдері, «AMANAT» партиясы аудандық филиалы, аудандық кірістер, санитарлық эпидемиологиялық бақылау басқармаларының, кәсіпкерлік платасы, дербес бөлімдер, кәсіпкерлер  мен шаруа қожалықтарының басшылары қатысты. Мәжілісті аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов ашып, облыстан келген қатысушыларды таныстырып, шаруагерлерден өздерін толғантқан  мәселелері болса ортаға салып отыруларын сұрады.

Көшпелі мәжілісті өткізуге арнайы келген Атырау облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бас маманы Гүлсім Шоқанова, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ-ның Атырау облысы бойынша аймақтық филиалының директоры Ернар Жұмағалиев, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау және несиелендіру бөлімінің басшысы Тілекқабыл Ғұбайдуллин, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Артур Сәдібекұлы, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Дина Әбішева, «Атырау ӘКК» АҚ-ның мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру департаментінің директоры Гүлден Асғатова, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Атырау облысы бойынша  филиалының бас маманы Дулат Атоллаұлы, «Халық Банк» АҚ Атырау облыстық филиалы директорының орынбасары Қаныш Серемет, облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының туризмді дамыту бөлімінің бас маманы Жаннат Сабырғалиева өз салалары бойынша кәсіпкерлікке көрсетілетін қолдаулар, қайтарымсыз гранттар, субсидия түрлері, жеңілдетілген несиелер, оған қойылатын талаптар, туристік нысандарды салғанда шығынды мемлекеттің өтеуі, тоған шаруашылығы  және басқалары жөнінде шаруагерлерге кеңірек түсініктер берді. Қойылған сұрақтарға  жауаптар қайтарды.

Қатысушылардан «Құрманғазы СДО» басшысы Бержан Кенжебаев несие төлемдерін субсидиялауға, кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларына  қатысты сұрақтар қойды. Кәсіпкерге  несиені ай сайын 22 пайызбен төлеу оңайға түспейтінін ескеру қажеттігін айтты. «Ақжонас» ЖШС-нің  төрағасы Мұқар Шаяхметов ірі сабақты мал азығын дайындауға субсидия берілмейтіні қиындық тудырып отырғанын жеткізді. Бұл субсидия жергілікті атқарушы билік арқылы шешіледі. Шаруашылық 6 адамды жұмыспен қамтып, оларға ақы төлеп отырғандықтан биыл өр суы тағы да көп келеді демей, субсидия төлеуді онымен байланыстырмайтын  жоспар жасамаса болмайтынын алға тартты. «Амиров.Б» шаруа қожалығының басшысы  Батырбек Амиров тоған шаруашылығына құжаттар жасақтаудың өзіне 17 млн. теңге жұмсалатынын, жер үшін конкурсқа түсу қажеттігін, малы жоқ болса жер, ал, жері жоққа несие тимейтінін айтып, осының оң шешімін табуды қаперге берді. «Сұлтанғалиев.Т» шаруа қожалығының басшысы Теміртас Сұлтанғалиев тоған көлемі 0,5 га болса рұқсат қажеті жоқтығын естігінен, осының анық-қанығын, балық өсіретін орын қолдан жасалғаны немесе табиғи болғанының қайсысы тиімділігін сұрады. 

Көшпелі мәжілісті аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов қорытындылап, Атырау қаласынан ат арытып келіп түсінік беріп жатқан лауазым иелеріне ризашылығын білдірді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT