Құрманғазыда көшпелі мәжіліс өтті

(0 Votes)

С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде Атырау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары мен ұйымдары қызметінің 2024 жылдың тоғыз айын қорытындылаған кеңейтілген алқа мәжілісі өтті.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының Атырау облыстық департаментінің басшысы Әлия Бекешева жүргізген мәжіліске аталған департамент басшысының орынбасарлары, бөлім басшылары, Атырау қалалық, Құрманғазы, Жылыой, Махамбет, Индер, Исатай, Мақат, Қызылқоға аудандық СЭҚБ басшылары, аудан әкімі аппаратының басшысы міндетін атқарушы Қадыржан Өтешев, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Саида Зулкашева мен медицина қызметкерлері қатысты. Негізгі әңгіме жұқпалы аурулардың алдын алу, олармен күрес төңірегінде атқарылған жұмыстар жөнінде өрбіді.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің басшысы Әлия Бекешева шараны  ашып: – Мұндай мәжілісті жылда да өткізіп жүрміз. Биыл жылжымалы түрде Құрманғазы ауданында ұйымдастырып отырмыз. Өздеріңізге мәлім қыркүйек айында осы ауданда СЭҚБ-ның  басшысы болып Гүлназ Ибрагимқызы Қожахметова тағайындалды. Бүгін  алқа мәжілісіне 1 қалалық, 7 аудандық СЭҚБ басшылары, департаменттің бөлім басшылары мен мамандары сөз алады. Денсаулық сақтау саласындағы басқармалармен тығыз қарым-қатынаста болуымыз керек. Біз сіздерсіз, сіздер бізсіз  жұмыс жасай алмайтынымыз анық. Сондықтан қарым-қатынасымыз нығая түсуі қажет. Қазір санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау саласында көптеген өзгерістер болып жатыр. Оларды таныстырайық, айта жүріңіздер. Жоспар жасаудан бастап, инфекциялық-паразитарлық жұмыстар қалай орындалады бүгін соның бәріне  тоқталамыз, – деп қатысушылардан сұрақтары, ұсыныс-пікірлері болса ортаға салып отыруларын сұрады. 

Құрманғазы ауданындағы тоғыз айдағы санитарлық-эпидемиологиялық ахуал қорытындысымен аудандық СЭҚБ басшысы Гүлназ Қожахметова хабарлама жасап, туберкулез ауруының өсіп отырғанына, тұрғындардың тексеруден уақытында өтпейтініне, аудандық емхананың флюрографиялық көлігінің бұзылып қалуы себепті  Азғыр өңірін қамту мүмкін болмағанына тоқталды. Облыстық СЭҚ Департаментінің басшысы Әлия Бекешева туберкулез жөнінен Құрманғазы ауданы 80% көрсеткішпен қала мен өзге аудандардан алда тұрғанын айтып, себебін сұрады.

Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Саида Уахапқызының айтуынша  мұндай жағдай фтизиатр  дәрігер жетіспеуінен және көліктің ескілігінен орын алған. Алға қарай Азғыр өңірін қамту жетілдіріледі. Өңірімізде қалыптасқан эпидемиологиялық ахуал, иммунопрофилактиканың жағдайы, туберкулездің ауданымызда өсуі бойынша облыстық СЭҚД-нің инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшылары Айнагүл Сәрсенғалиева, Зульфия Қайреденова слайд арқылы түсініктеме беріп, баяндама жасады. 

– Атырау облысы туберкулез бойынша республикалық көрсеткіштен жоғары болып отыр. Облыс көлемінде Құрманғазы ауданы барлық көрсеткіштер бойынша алды. Балалар арасында былтыр 1 жағдай тіркелсе, биыл екеу. Жасөспірімдер арасында 9 айдағы көрсеткіш 5 адам. Ауруды ерте анықтау жолға қойылмаса көрсеткіш өседі. Өкпесі ыдырағандар бойынша көрсеткіште  де жоғарысыздар, – деді  баяндамашы Зульфия Қайреденова. 

Облыстық СЭҚД басшысының орынбасары Айгүл Ысқақова 2024 жылдың 9 айы бойынша тамақтан уланудың алдын алу, білім беру мекемелеріндегі қалыптасқан санитариялық ахуал, мемлекеттік бақылау және қадағалауды жүзеге асыру мәселелері бойынша баяндама жасап, түсініктер беріп, сұрақтарға жауап қайтарды. Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Саида Зулкашева кейбір мәселелерге қатысты орынды пікірін айтты.

Мәжілісті аудан әкімі аппараты басшысының міндетін атқарушы Қадыржан Өтешев қорытындылап, облыстық СЭҚД-ның басшысы Әлия Бекешеваға ризашылығын білдірді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521