Құрманғазыда кеңейтілген аймақтық семинар өтті

(0 Votes)

Аудан әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мен аудандық аналар кеңесі «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» республикалық жобасының «Жақсылыққа жетелейтін жандар» бағыты аясында «Қоғамдағы ұрпақ тәрбиесі: проблемалар және оларды шешу жолдары» тақырыбында аймақтық кеңейтілген семинар өтті.

Оған Теңіз, Құрманғазы, Еңбекші, Мақаш ауылдық округтерінің аналар кеңесінің мүшелері, колледж бен мектептердің директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, учаскелік емханалардың дәрігерлері, мәдени қызметкерлер, мадиаторлар көрермен ретінде қатысты.

Алдымен семинарға қатысушылар мәдениет үйінің фойесінде Мақаш ауылдық округінің шебер аналары мен жергілікті кәсіпкерлердің, «Шабыт» қолөнершілер клубы мүшелерінің дайындаған бұйымдары мен тамақ түрлері әзірленген көрмені тамашалады.

Округ әкімі Бауыржан Кадыров қош келдіңін айтса, аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту мен спорт  бөлімінің басшысы Зияда Жоламанова шараның мәні мен маңызына тоқталды.

Одан әрі республикалық фестивальге қатысушы қолөнер шеберлері Адиля Қуандықова, Ардақ Қаржауованы, республикалық және халықаралық паралимпиаданың жүлдегерлері, республикалық Махамбет оқуы, республикалық пәндік олимпиаданың жеңімпаз балғындарды тәрбиелеп өсірген аналар Бибінұр Ахметжанова, Мөлдір Молдашева, Гюзель Оллабергенова, Айсұлу Жұматаеваға алғыс хат табысталды.

Шараның модераторы Жәннат Сидеғалиева семинардың күн тәртібіндегі жұмысымен таныстырып, спикерлердің тақырыптарынан хабардар етті.

«Ажырасу дерті – қоғамның қасіреті. Неке бұзу даулары бойынша татуластыру жолдары» туралы аудандық соттың судьясы Бейбітгүл Мағазқызы, «Ауылдық жерде кәсіпкерлікті дамытуға арналған мемлекеттік қолдау шаралары» жөнінде «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы Құрманғазы аудандық филиалының директоры Нұрдәулет Дәрелов хабарлама жасаса, «Тұлғаның бастапқы тәрбиелік дағдылары отбасы мен қоғамдық ортада қалыптасады» тақырыбында мемлекеттік қызмет саласының ардагері Ғайни Карина баяндады.

Сонымен қатар, семинар барысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, жастардың есірткі, электронды темекі, дәрілік заттар, түрлі зиянды сусындарға тәуелділігін болдырмау, ана мен бала денсаулығы, ерте жастан жүктілік сынды қоғамдағы өзекті проблемалар кеңінен талқыланып, спикерлер аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі ювеналдық полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі аға учаскелік полиция инспекторы Айгүл Мирасова, емхананың психологі Айдана Қадырбайқызының хабарламалары тыңдалды. Облыстық мәслихат депутаты Зәмзагүл Карсакова «Парасатты әйел – ұрпақ тәрбиесінің алтын қазығы» тақырыбын қозғап, өнегелі ана ғана көргенді ұрпақ өсіре алатынын тілге тиек етіп, «Amanat» партиясы жанынан әйелдердің гендерлік теңдігіне, олардың елдің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық өміріне белсене қатысуына бағытталған әйелдер қанаты құрылғанын атап өтті. Мақаш ауылдық клубының өнерпаздары әсем әндерін орындап, клуб жанынан құрылған халықтық театр отбасындағы зорлық-зомбылық жөнінде әсерлі көрініс қойды. Қатысушылар кері байланысқа шығып, ұсыныстарын жеткізсе, одан әрі  семинарды аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова қорытындылады.     

   

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT