Халқымызда «Қариясы бар ел – қазыналы ел» деген тағылымды сөз бар. Біз әрқашан қариясын қадірлеп, ардагерін ардақтаған текті елдің ұрпағымыз. Әркез алдыңғы буын аға-апаларымыздың ел дамуы жолындағы ерен ерлігі мен қажырлы еңбегін үлгі тұтамыз. Осыған орай жыл сайынғы дәстүрге сай С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде қариялар күніне орай салтанатты жиын өтті.
Алдымен құттықтау сөзін арнаған аудан әкімі Абат Жанғалиев: - Қариясы бар елдің – қазынасы бар. Қарттарымыз еліміздің көзі тірі шежіресі десек артық айтқандық емес. Елдің дамуына саналы ғұмырларын арнап, тер төккен ардагерлер барынша құрметтелуі тиіс. Себебі бүгінгі ұрпақ қариялардың алдында қарыздар. Сіздер бүгінгі күннің өзінде, зейнет жасында болсаңыздар да қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, қариялық болмыстарыңызбен жас ұрпаққа бағыт-бағдар, кеңес бере отырып қоғамның алға дамуына зор үлес қосып отырсыздар. Осы сәтті пайдалана отырып, ақылдарыңыз бен үлгі болар өнегелі істеріңіз үшін шексіз алғысымызды айтамын. Сіздерді бүгінгі мерекеде ғана емес, әр күні қамқорлыққа алып, көмек көрсету — перзенттік парызымыз – дей келе, өзінің Алғыс хатымен прокуратура саласының ардагері Ғизатолла Мүрсәлиев, ардагер журналист Мадат Сәрсекеев, ардагер ұстаз, облыстық «Өнегелі әже» байқауының жүлдегері Зиба Баеваны ұлығылады. Құттықтаулар легін жалғастырған аудандық мәслихат төрағасы Гүлжанат Қалиева өзінің Алғыс хатымен еңбек ардагерлері Римма Габдушева, Ғалымжан Мұқашев, Асан Ажығалиев, Сату Каменовты марапаттады.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Ғайнетов ҚХА жанындағы республикалық аналар кеңесі төрағасының Алғыс хаты және салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіптік одағының «Еңбек даңқы» төсбелгісін Гаухария Төкестаеваға, қоғам қайраткері, ғалым жерлесіміз «Саттар Имашевтің туғанына 100 жыл» төсбелгісін еңбек ардагерлері Уахит Масалов, Қатира Бекешева, Балғаным Хасеноваға табыстады.
Шарада С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйі әзірлеген қазыналы қарттарымызға арналған концерттік бағдарлама тамашаланды.
Айнагүл Шакупова