Аудандық орталықтандырылған кітапханада еліміздің ғылымын дамытуға елеулі еңбек сіңірген ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның ұлттық Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Ғилажев Есенғали Ғлажұлымен кездесу кеші өтті.
Алдымен зал толы көрермен кеш иесінің өмірінен үзік сыр шертер бейнесюжетті тамашалады. Алғашқы сөз сөйлеген аудан әкімінің міндетін атқарушы Амангелді Мұратов ғылым саласына сүбелі үлес қосқан абзал азамат, ардақты ұстаздың ғибратты ғұмыры, қоғамға сіңірген еңбегі бүгінгі жастарға үлгі-өнеге екендігін жеткізіп, аудан әкімінің құттықтау хаты мен естелік сыйлығын ұсынды.
Одан әрі шара қонағының құрметіне арналып жасақталған кітап көрмесі назарға ұсынылды. Оған 2020 жылы жарық көрген 10 томдық «Жаңа материалдар. Мұнай-химиясы және экология», «Тайсойған полигонының экологиясы», «Өнідірістік қалдықтардың экологиялық сараптамасы» сынды ғылыми зерттеулері, «Серпер» газетінде 2023 жылы 27 қазанда жарияланған қаламгер Өтепберген Әлімгереевтің «Ғылымға құлаш ұрған қыр баласы» атты көлемді мақаласы және ғылым мен білімге сіңірген еңбегі үшін марапатталған грамотлары, дипломдары, сертификаттары қойылды.
Келесі кезекте академик ғалым Өмірзақ Қажымғалиев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нұрлығайын Нұғманов туған жердің түлегі Есенғали Ғилажұлының азаматтық келбеті, ғылымға сіңірген өлшеусіз еңбегі, өнегелі жолы жөнінде салиқалы ой-көзқарастарын салмақтап ортаға салып, шығармашылық ізденісі, ғылыми жаңалығы арта берсін деген тілектерін арнап, ғалым ауданның Құрметті азаматы атағына әбден лайық екендігін жасырмады. Өмірзақ Қажымғалиұлы өзінің әлі тұсауы кесіліп үлгермеген жаңа кітабын сыйға тартты.
Атынан Ж.Нәжімеденов атындағы негізгі орта мектептің директоры Мейрамгүл Теңелбаева және зейнеткер ұстаз Жанар Сналбекова сөз сөйлеп, жерлес ағаларын әркез мақтан тұтатынын алға тартты. Шараға Есенғали Ғилажұлының бір топ шәкірті қатысып, химия ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Амангелді Әбілхайыров ұстазы жөнінде жылы лебізін білдірді.
Сыныптастары атынан Қабиболла Шарапұлы өзінің ақжарма тілегін арнап, балалық шақты еске алып, досы Есенғалидың оқушы кезінен білімге құштарлығын, азаматтық қырларын тізбектеді. Кеш қонағы өз мамандығына өмір бойы адалдық танытқан білікті ұстаз әуел бастан ғылымға қалай келгенін, кімнің ықпалы, ұстазы кім болғанын әсерлі әңгімелеп, шараны ұйымдастырушыларға зор ризашылығын жеткізді. Бауырлары атынан игі тілектерін Қожантай Ғилажұлы, Рупан Нәжімқызы білдірді.
Айнагүл Шакупова