С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде аудандық аналар кеңесінің ұйымдастыруымен Қазақстанның Халық емшісі, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, «Батыр ана» Дәметкен Серікбайқызын еске алуға арналған «Әже мен ана әні – қазақ әуендерінің сәні» атты әжелер (аналар) ансамбльдерінің фестивалі өтті.
Алдымен ел анасының ғибратты ғұмыры баяндалған бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды. Ақын Таңатар Дәреловтың «Телегей теңіз мейірім» атты өлеңін мәдениет үйінің қызметкерлері Диана Ильясова, Саяжан Мелсбекқызы оқыды. Әлімсақтан әжелер мен аналар – ұлттың ұйытқысы, тәлім мен тәрбиенің тұма бастауы. «Алып анадан туады, тектілік тұқым қуады» деген. Ел анасы атанған Дәметкен Серікбайқызы 60 жылдан бері екі ғасыр бойына ата-бабадан тұқым қуалаған құдіреті жоғары аруақ арқылы халқына қалтқысыз қызмет еткен жан. Он бір перзентті өмірге әкелген батыр анамыздың бұл дүниеден бақилық болғанына 5 жыл толып отыр. Шара барысында зал толы көрермен оның рухын құрметтеп, бір минут үнсіздікпен еске алды.
Қоғамдағы асыл әжелердің, әйел-аналардың мәртебесін арттырып, отбасылық құндылықтарды, қазақтың тұрмыс-салт жырларын, халық әндерін насихаттауды мақсат еткен аудандық фестиваль – бір кездері Орлы ауылында әжелер ансамбілінің құрамында өнер көрсеткен Дәметкен Серікбайқызына арналды.
Аудан әкімінің міндетін атқарушы Марат Хасанов бүгінде апайдың ізгілікті ізін жалғастырып отырған қызы Ардақтым Төлепбергенқызына естелік хаты мен сыйлығын табыстады. Фестиваль барысында С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйі жанындағы «Ақтілек» әжелер ансамблі, М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебі жанындағы «Ақ жаулығым-қазынам» әжелер ансамблі, Мақаш ауылдық округіне қарасты Шабыт ауылдық мәдениет үйі жанындағы «Асыл әжелер» әжелер ансамблі өткен жылдар әндерін әуелетіп, қайта оралмас жастық шақтың сағымдай бұлдыраған күндерін үлкендердің жадында жаңғыртты. Нұржау ауылынан келген «Нұр шашу» аналар ансамблі, Жаңаталап ауылдық мәдениет үйі жанындағы «Нұршуақ» әжелер ансамблі, Орлы ауылына қарасты Өнерпаз ауылдық мәдениет үйі жанындағы «Өнерпаз» әжелер ансамблі, Приморье ауылдық клубы жанындағы «Сәулем-ай» әжелер ансамблі құлақтан кіріп, бойды алған дәстүрлі халық әндерін әуелетті.
Келесі кезекте Дәметкен анамыздың ұрпақтары атынан қызы Ардақтым Төлепбергенқызы сөз алып, шараны ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді. Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенқызы фестивальді өткізудің мәні мен мақсатына тоқталып, барлық ансамбльдерді жетекшілерімен қоса Алғыс хатпен марапаттады. Кезінде «Батыр аналар» ансамбілінің құрамында болған Орлы ауылының тұрғындары Тілекші, Мерует әжелердің иықтарына ақ орамал жапты.
Шара соңында академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалиев, ардагер журналист Таңатар Дәрелұлы ел анасы Дәметкен апайдың қоғамдағы белсенділігі жөнінде әңгіме өрбітіп, фестивальді өткізуге атсалысқан ұйымдастырушылар мен қатысушыларға зор ризашылықтарын айтты.
Айнагүл Шакупова