Құрманғазыда ауыл шаруашылығы күні атап өтілді

(0 Votes)

Ауыл еңбеккерлері үшін қашан да күз – береке мен мерекенің мезгілі. Жылдағы дәстүр бойынша қараша айының соңғы жексенбісінде ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні атап өтіледі. 

Кәсіби мерекелеріне орай сала мамандары спорттың футбол, волейбол, арқан тарту, садақ ату түрінен жарысқа түсіп, өзара сайысты. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, «Каспий-балық», «Тілекші», «Каспий таңы», Мақаш өндірістік коперативтері, «Сандуғаш», «А.Хаусов» шаруа қожалықтары, Құрманғазы сервистік дайындау орталығы жер-ананың жомарттығын көрсететін, ала жаздайғы адал еңбекті паш ететін ет, балық, егін өнімдерін тұтынуышларға ұсынды.

 

Аудандық мәдениет үйінде ауыл еңбеккерлерінің мәртебесін көтеретін, өңіріміздің өркендеуіне лайықты үлестерін қосып жүрген шаруагерлердің абыройларын асқақтатқан «Еңбек адамы – ел мақтанышы» атты мерекелік шарада осы саланың майталмандары бас қосты. Салтанат үлкен экраннан көрсетілген игі тілектерге толы бейнероликпен басталды. Аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов аграрлық секторда атқарылған ауқымды жұмыстар барын айта келе ауыл еңбеккерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, жұмыстарына табыс тіледі. Агроөнеркәсіп саласында еселі еңбектерімен еленгендерді марапаттады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен аудандық ветеринария стансасы директоры Асланбек Брғалиевті, облыс әкімінің алғыс хатымен еңбек ардагері, атақты түйеші Тұмақ Қабдоловты ұлығылады. Сонымен бірге, бір топ еңбек озаттары мен сала ардагерлеріне аудан әкімінің Алғыс хаты мен «Құрманғазы ауданның 95 жылдығы» мерейтойлық, салалық көсіподақтың «Елеулі еңбегі үшін», «Еңбек даңқы» төсбелгілерін салтанатты жағдайда табыстады.

Келесі кезекте аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжаннат Қалиева, «Amanat» партиясы Құрманғазы аудандық филиалының төрағасы Ерлан Хисметуллин құттықтау сөз сөйлеп, лайықты еңбек үлгісін көрсеткендерге Алғыс хаттар тапсырды. Құттықтау тілектердің арасында аудан өнерпаздары Қайрат Сайфуллин, Заря Қуанышқызы, Толыбай Қажыгереев, Құралай Құдиярова, Ертілек Мұфтоллаев, Ғалижан Исмақов, Дайынбек Ризабек, Жанболат Кенжеғалиев, Қадіржан Қапсиықов, Нұрдәулет Нұрланов, Санжар Рахат кәсіби мереке иелерінің құрметіне әсем ән мен күмбірлі күйден шашу шашты.

Айбек МЕЙІРМАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521