Шортанбай ауылдық мәдениет үйінде аудандық аналар кеңесі, аудандық отбасын қолдау орталығы, аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің, округ әкімдігі мен Шортанбай орта мектебінің ұйымдастыруымен «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт», «Салауатты сана» республикалық жобалары аясында «Қуатты қоғамның мұраты – саналы ұрпақ тәрбиелеу» тақырыбында кең көлемді семинар өтті.
Аудандық семинарға Бірлік, Сафон, Кудряшов, Бөкейхан, Көптоғай, Дыңғызыл, Қиғаш ауылдық округтерінің аналар кеңесі мүшелері, медиаторлар, құқық қорғау органдарының өкілдері, тұрғындар, аналар қатысты. Семинар қолөнер көрмесі, «Рухтың алтын тамыры – адами қолдау», «Тәрбиенің түтіні түзу ұшқанда көркем мінезді ұрпақ қалыптасады» атты және қорытынды бөлімдерден тұрды.
Алдымен жоғарыда аталған округтердің қолөнер шеберлерінің бұйымдары қойылған «Бәрі де аналар қолымен жасалған» атты көрме тамшаланды. Аталған семинардың «Рухтың алтын тамыры – адами қолдау» тақырыбындағы екінші бөлімін модератор ретінде аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова жүргізіп, мақсатына тоқталды.
Аудандық аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің қоғамдық даму секторының меңгерушісі Мерей Ажыгереев сөйлеп: – Жоспарлы жұмыстарға байланысты аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенқызының ұйымдастыруымен ауданымызда үлкен форум өткен болатын. Соның жалғасы бүгін Шортанбай ауылдық округінде өткелі отыр. Аудандық және округтердегі аналар кеңестерін өскелең ұрпақты тәрбиелеуге атсалысып келе жатқан бірден-бір ұйым деп мақтанышпен айтамыз. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін! Жақын арада ауданымызда ашылып, жұмысын бастап кеткен Отбасын қолдау орталығы бар. Осында қатысып отырған оның мүшелеріне, аға-апаларымызға еңбектеріңіз жемісті бола берсін деймін, – деп, Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысының Алғыс хатын бір топ адамға табыс етті. Шортанбай ауылдық округінің әкімі Мейіржан Ғұмаров шараны ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, өз тарапынан марапаттаулар жасады.
Семинардың үшінші-төртінші бөлімдерін модератор, аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры, аудандық аналар кеңесінің мүшесі Анар Мусина жүргізді. Сахна төріне спикерлер шақырылып, кезегімен мінберде сөз алды. Спикерлер Атырау облыстық мәслихатының депутаты, Отбасын қолдау орталығының бөлім басшысы, аудандық аналар кеңесінің мүшесі, «Жансая» көшбасшы аналар клубының «Салауатты сана» жобасының жетекшісі Зәмзәгүл Карсакова, Қадыр Мырза Али атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлсара Аманғалиева, Шортанбай ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Самал Өтепова, аудандық соттың судьясы Бейбітгүл Менситова, Атырау облыстық адвокаттар алқасының мүшесі, аудандық аналар кеңесінің отбасын сақтау тобының жетекшісі Ұлмекен Сапарова, аудандық полиция бөлімінің ювеналдық полиция тобының аға учаскелік инспекторы, полиция майоры Айгүл Мирасова, Бөкейхан ауылдық дәрігерлік амбулаториясының акушеркасы Гүлбаршын Қабиева күн тәртібіне сай тұлғаны қалыптастыру, жас жеткіншек қыздарды мәдени және рухани адамгершілікке тәрбиелеу, бос уақыт және оны дұрыс ұйымдастыру, Қазақстандағы гендерлік саясат пен медиацияның отбасы мәртебесін көтерудегі рөлі, «Салауатты сана» жобасының маңыздылығы және басқа да мәселелер бойынша баяндамалар жасады. Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова, аудандық отбасын қолдау орталығының бөлім басшысы Альберт Бисенғалиев марапаттаулар жасып, семинарды қорытындылады. Сөз берілген Қиғаш бойындағы ауылдық округтердің аналар кеңесінің төрайымдары шараға, ардагер ұстаз Балғаным Хасенқызының ұйымдастырушылық қабілетіне жоғары баға беріп, семинардан көп нәрсе біліп, ойға түйгендерін жеткізді.
Шара барысында Шортанбай ауылдық округі және «Нұрсәт» балабақшасы жанынан құрылған әжелер мен аналар ансамблдері, дарынды балалар өнер орталығы балаларының өнері тамашаланды. Дүйсенғали Ғұмаров атындағы халық театрының әртісі Алтынбек Биғалиев монолог оқыды.
Қанат ҒҰМАРОВ