Б.Бегәлиев атындағы жалпы орта мектепте «Қош келдің, Жаңа жыл!» атты аудан әкімінің қайырымдылық шыршасы ұйымдастырылды.
Мектептің акт залының төріне әсем безендірілген шырша орнатылыпты. Бұл шараға ауылдық округтерден жиналған 100-ден аса бала қатысты.
Бүлдіршіндердің орындауындағы «Жаңа жыл» әні тыңдалып, балғындар шыршаны айналып ән айтты.
Думанды кеште ортаға ертегі кейіпкерлері – Жалмауыз кемпір, сайқымазақтар, қарақшылар, Тазша бала, жылан, өлең оқыған балаларға сыйлығын үлестірген Аяз ата мен Қарша қыз қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Аудан әкімі Абат Жанғалиев балғындармен бірге шырша шамын жағып, құттықтау тілегін білдірді.
- Әрбір бала жаңа жыл мерекесі қарсаңында тылсым бір ғажайыпты, ертегідей сиқырды күтеді. Осыған орай бүгін біз сіздермен осы кеште бас қосып тұрмыз. Жаңа жылдан жақсылық пен жағымды жаңалық күтеміз. Ескі жыл еліміз үшін мерейлі жыл болды. Білім саласы да жақсы нәтиже көрсетті. Бүлдіршіндердің сабақтарын жақсы оқып, оқуда озат болуларын тілектеспін. Жаңа жыл игі жетістіктер мен толайым мүмкіндіктерге толы болсын, - дей келе, аудан басшысы «БекетСәтЖол», «ТөбеаралОйл» компанияларының демеушілігімен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 30 мың теңгелік сертификат пен жаңа жылдық сыйлықтар үлестірді.
Айнагүл Күнұзаққызы