Құрманғазыда аудан әкімінің шыршасы өтті

(0 Votes)

Жаңа жыл - баршамыздың тағатсыздана күтетін таңғажайып қызыққа, қуанышқа, сиқырға толы әсем мерекеміз. Кішкене бөбектер мен балалар үшін бұл сәт ерекше еселене түсері анық. Оны  жақсы үмітпен күтіп, көңіл түкпіріндегі асқақ  армандардың іске асатын мезеті деп те қабылдайды. 

«Ғажайыпқа толы Жаңа жыл» атты аудан әкімінің дәстүрлі шыршатойы Қ.Мырза Әлі атындағы жалпы орта мектебінде өткізілді. Жарқырай жанған жасыл шырша жанына жиналған ертегі кейіпкерлері мен сайқымазақтар ғажайыпқа толы қойылымдар көрсетіп, балаларды әдемі әлемге елітіп әкетті. Аудан әкімінің міндетін атқарушы, аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов, аудандық мәслихат төрағасы Гүлжанат Қалиева, аудандық білім бөлімінің басшысы Еділ Баяров құттықтау сөздерін арнап,  елімізде баланың бақыты үшін бар жағдайлар жасалып жатырғандығын атап өтті. Шыршаға арнайы шақырылған әлеуметтік аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балаларына тәттіге толы сыйлық пен 30000 теңгелік сертификат табыс етті.   

Қызықты кешке жиналған балалар Жаңа жылдық шыршаның басты қонақтары Аяз ата мен Ақшақарды жыл иесі Жылқымен қоса ерекше ықыласпен қарсы алды. Мейірбан аталары оқуда үлгілі, отбасында тәртіпті балаларды сағынып қалғанын айтып, жылы лебізін білдірді. Риза болған балалар Аяз ата мен Ақшақар алдында өнерлерін көрсетіп, керемет сыйлықтарға ие болды. Ертегілік кейіпкерлер көрсеткен жаңа жылдық көріністер бұдан кейін де жалғасып, шадыманды шаттық жиналғандарды ерекше әсерге бөледі. Ортаға жаңажылдық тәтті торт әкелініп, кесіліп үлестірілді. Балалардың қуанышын бөлісуге келген «Аманат» партиясы аудандық филиалының төрағасы Ерлан Хисметуллин, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мерей Әжігереев, ата-аналар атынан Ғалия әжей құттықтау тілектерін арнады. 

Айбек МЕЙІРМАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT