Аудандық орталықтандырылған кітапханада Құрманғазы ауылдық округінің әкімі аппараты мен аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» республикалық жобасы аясында түрлі салада еңбек еткен әйел-аналарға арналған шара өтті.
Алдымен лед экран арқылы өткен жылы атқарылған жұмыстардан қысқаша ақпарат беретін бейнеролик тамашаланды. Дүйсенғали Ғұмаров атындағы халық театрының әртісі Алтынбек Биғалиев Ғ.Мүсіреповтың «Адамның анасы» прозасынан үзінді оқыды. Құрманғазы ауылдық округі әкімінің орынбасары Мерей Әжігереев шара қонақтарына қош келдіңін айтып, бірқатар аналарды округ әкімінің алғыс хатымен марапаттады.
Келесі кезекте Құрманғазы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қадірбай Жармұхамбетов округке қарасты аналар кеңесінің жыл бойы жүзеге асқан шараларын жоғары бағалап, алдағы уақытта да игі істердің жалғасын табуын тіледі.
Ақ жаулықты ардагер аналарды құттықтау хатпен ұлығылады. Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова бүгінде аналарымыз елімізде болып жатқан барлық жағымды жаңалықтарға, қоғамдағы өміршең өзгерістерге, әлеуметтік-мәдени жұмыстарға, мемлекетіміздің бүкіл тыныс-тіршілігіне белсене араласып отырғандығы көңіл қуантатынын жеткізіп, олардың бала тәрбиесіндегі, отбасындағы рөлін атап өтсе, медицина саласының ардагері Сағидолла Кулов тақырыпқа орай өзінің ойын білдірді.
М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебі жанынан құрылған «Ақ жаулығым – қазынам» әжелер ансамблі Ренат Марксұлының сүйемелдеуімен халық әндерін орындады. Мәдени шара кезінде жағымды, көңілді орта болды. Қатысушы нәзік жандылар С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары шырқаған әндеріне ортада дөңгелене вальс биледі. Мәдени шараны Құрманғазы ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Гауһария Кінәмақызы қорытындылады.
Айнагүл Күнұзаққызы