Құрманғазыда аналар форумы өтті

(0 Votes)

Еңбекші ауылдық клубында аудандық аналар кеңесі  мен аудан әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиямен бірлесіп "Мәдениетті ана-мәдениетті ұлт",  "Салауатты сана" республикалық жобалары аясында  "Тұлға қалыптастырудың негізі- қоғамның санасын дамыту" тақырыбында аналар форумын өткізді.

Оған аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов,  аудандық мәслихат төрағасы Гүлжанат Ғаділханқызы, облыстық мәслихат депутаты Зәмзәгүл Оңдасынқызы, аудандық соттың судьясы Бейбітгүл Менсейтова, Құрманғазы ауданы прокурорының орынбасары Аянбек Сүйналиев, Атырау облысы адвокаттар алқасының адвокаты, адвокат Ұлмекен Сапарова,  аудандық білім бөлімінің басшысы Еділ Баяров,  аудандық полиция бөлімінің бастығының орынбасары Талғат Исаев, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, еңбек ардагерлері,  аудандық, округтердің аналар кеңесі мүшелері,  психологтар қатысты. Шараны  аудандық орталықтандырылған кітапхананың қызметкері Ақмоншақ Төреханқызы жүргізді.

Аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенқызы форумды ашып, пленарлық бөліміне модератор болды.  Аудан әкімінің орынбасары Амангелді Хайдарұлы кіріспе сөз сөйлеп, бірқатар аналарға түрлі марапаттар табыстады.

Әрі қарай Еңбекші ауылдық округі әкімі міндетін атқарушы құттықтау сөзімен жалғасты. Форумда ұлттық тәрбие, ана мен отбасының рөлі, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру және қоғамдық сананы дамыту мәселелері талқыланды.

Аналар форумының негізгі бөлімінде спикерлер  Гүлжан Қайрова мен Зәмзәгул Карсакова "Отбасы мен қоғам: саналы ұрпақ қалыптастырудағы  қиындықтар,  шешімдер" және  "Салауатты сана" жобасы бойынша атқарылған жұмыстар, «Әлеуметтік бес кеселдің  бірі – ысырапшылдық» тақырыбында өмірмен байланысты деректерді  пайдаланып, ұсыныстары мен құнды баяндамаларын жасады. Форумда аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары домбырашы Хайроллаев Ерболат пен әнші Қуанышқызы Заряның орындауындағы ана туралы күй мен ән тыңдалып, зал толы көрерменнің ыстық қошеметіне бөленді.

Аналар форумының құрылымы үш бөлімнен тұрды. Үшінші бөлім "Жаман әдет- қоғамға қауіпті" деген тақырыпта "Ашық алаң" форматында заңгер Ұлмекен Қибатоллақызының модераторлығымен өткізілді. 

Ашық алаң спикерлері: Аудандық соттың судьясы Бейбітгүл Менсейтова, аудан прокурорының орынбасары Аянбек Әділбекұлы,  Жергілікті полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Ерсін Бауыржанұлы  мен Котяев дәрігерлік амбулаториясының акушеркасы Гүлбаршын Қабиева болды.   Олар "Адам құқығының сақталуы- тәуелсіз, әділетті сот",  "Прокурордың негізгі миссиясы- заң  және тәртіп", "Құқық бұзушылықтардың алдын - алу мен жолын  кесу - қоғам қауіпсіздігін сақтаудың  басты кепілі", "Заңды білу – міндет, дегенмен адамдардың құқықтық сауаттылығы төмен екені рас, осыған байланысты қандай  шаралар бар?", "Ойынқұмарлық фактілер көбейіп келеді, әйелдер арасында құмар ойынға тәуелділіктің аудандағы ахуалы қандай?", "Жастар арасындағы есірткіге, электрондық темекі (вейп), дәрілік заттарға, түрлі зиянды сусындарға тәуелділіктің алдын алу бағытындағы жұмыстар", "Ауданда өткен жылғы жастар арасындағы қақтығыстан ауыр қылмыс орын алды. Неге олар осындай әрекетке барады?", "Құқықтық сана мен құқықтық мәдениеттің төмендегі ме?", "Қоғамның санасын дамыту үшін қандай механизмдер керек деп ойлайсыз?", "Елдің ертеңгі жарқын болашағы - ана мен баланың денсаулығына байланысты. Ерте жастан жүктілік оның салдары" сынды тақырыптарды өзара жан-жақты талқыға алды. Лауазымды тұлғалар түйткілді мәселелер бойынша халыққа заңдылықтар шеңберінде түсінік берді. Форум соңында кері байланыс болып, қатысушылардың  пікірлері тыңдалды, ұсыныстар қабылданды. Айтылған ұсыныстарды кеңес алдағы жұмыстарына басшылыққа алатын болып келісілді.

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT