Құрманғазыда Амал мерекесіне орай "Көрісу керуені" өтті

(0 Votes)

Көбесі сөгілген қалың мұзбен қатар көңілдің де тоңы жібіп, адамзат атаулының айрықша күтетін Әз Наурыз келді арамызға. Көктеммен бірге өмірге де шуақ, шапағат кіреді деп дәріптеген халқымызда ұлыстың ұлық мейрамы бір күн емес, тұтас ай бойы тойланады.  

Еліміздің батысында 14 нау­рыз – Амал мерекесі, Көрісу күнінен басталған мейірім мейрамы айдың соңына дейін жалғасады. Әр сәтіне мағына сыйдырған көшпелі халықтың көнеден жеткен төл мерекесінің тұтас ұлттың ұстынын айқындаудағы мәні де, маңызы да зор. Наурыз айы туғанда табиғатпен бірге адам жаны­­ның да ерекше түлеп, жасарып, жаңа­рып, жан әлемі жақсылық пен мейі­рімге шөліркеп, амал айында айнала­сына көңіл жылуын сыйлауға айрық­ша құмартатыны жаратылыстың заң­дылығы. Жыл бойы көріспеген алыстағы ағайын-туысына арнайы ат басын бұрып, амандығын біліп, көрісуі – көңілден көңіл су ішер жүректі пенденің қай-қайсысына да ортақ қымбат сезім.

Ұлық мейрам бір күн бұрын Абай атындағы жалпы орта мектептің оқушылары дайындаған Жарамазан айтушылардың жақсы бір  көрінісімен басталды. Бәрімізге белгілі, жарамазан тек Рамазан айында орындалатын үрдістердің бірі. Биылғы наурыздың қасиетті Оразамен орайлас келіп жас жарамазаншылар даламызға дүбірлі мерекенің келе жатқанын аймаққа әйгіледі. Көрісу күнінде аудандық мәдениет бөлімі ұйытқы болған мерекелік шерумен жалғасты. Жалпақ жұртқа ақ батасын арнаған Қыдыр бастаған думанды көш сырнайлатып-кернейлетіп аудан орталығының көшелерімен жүріп өтті. Соңы халықтық серуенге ұласып, бір-бірімен құшақ жая амандасып, арқа-жарқа болған ағайынның бұл күні қарасы қалың болды.  

Көрісу күні арадағы ескі өкпе-реніш кешіріліп, татуласып-табысады, араздық ұмытылады. Бұл күні табиғатпен бірге адам жаны да жаңарып, тазарып мұнтаздай күйге түседі. Яғни қай жағынан келсек те бұл мейрамның өзіндік мән-маңызы зор. Осы орайда жаңа Қазақстанға, жаңа тұр­пат­ты елге айналамыз десек, тамыр-тегіміз бен дәстүр-сал­ты­мызды бір ізге түсірудің, ортаққа айналдырудың рөлі үлкен. Бұл тұр­ғыдан келгенде, Әз Наурыздың бастауы Көрісу күнін, Амал мерекесін тұтас ұлт болып тойлап, жал­пықазақтық мейрамға айнал­дыру­дың уақыты әлдеқашан жеткендей. Бір жасыңыз құтты болсын, ағайын!

Айбек НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT