С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде Алғыс айту күніне арналып «Жаныңда жүр жақсы адам» атты салтанатты шара өтті. Көктемнің алғашқы шуақты күнінде оған аудан орталығы тұрғындары көптеп осында ағылды.
Мерекелік басқосуда аудан әкімі Абат Жанғалиев сөз алып, жиналған жұртшылықты атаулы мерекемен құттықтады.
- Баршаңызды ең алдымен көктемнің алғашқы күнімен асыға жеткен асыл мерекеміз - Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл бір шаңырақ астында тату тірлік кешіп отырған түрлі ұлт өкілдерін қиын заманда бауырға басқаны үшін ризашылық білділетін маңызды күн. Оның мәні халқымыздың ынтымағында, бұзылмас бірлігінде, берік бауырмашылығында екені айдан анық. Сол себепті, айтулы күн, ризашылық пен мейірімнің, бейбітшілік пен келісімнің жарасым тапқан жылы мереке. Тыныштық пен тұрақтылық Тәуелсіз еліміздің басты құндылығы. Бейбітшілік бесігінде тербетілген егемен еліміздің экономикасы алға жылжып, әлеуеті артып келеді. Мұнда сіздердің де қомақты үлестеріңіз бар. Бақытты болашақ – сіз бен біздің жұдырықтай жұмылып атқарар игілікті істерімізде деп білемін. Бірлігіміз нығайып, тірлігіміз арта берсін. Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға қуаныш бақыт тілеймін, - деп әлеуметтік әлеуетіміздің артуына, этносаралық келісімді нығайтуға атсалысқандарды Алғыс хаттармен марапаттады.
Әдеттегідей салтанатты жиын соңы сазды бағдарламаға ұласып, көрермендер көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
Айбек МЕЙІРМАН