Аудандық жастар ресурстық орталығында Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстағы өкілдері, ақсақалдар кеңесінің мүшелері «Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясының хаттамасына сәйкес «Нашақорлықты, ойынқұмарлықты, отбасы мен қоғамдағы зорлық-зомбылықты, вандализм мен ысырапшылдықты қоғамның қабылдамауын қалыптастыру» тақырыбында көшпелі отырыс өткізді.
Оған облыстан келген ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері, «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері, аудандық ардагерлер және аналар кеңестерінің, «Ассамблея жастары» РҚБ мүшелері қатысты. Алдымен аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі қоғамдық даму секторының меңгерушісі Мерей Әжігереев қонақтарға қош келдіңін айтып, оларды жиналғандарға таныстырды. Модератор облыстық ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ ҚХА құрылымдарымен жұмыс бөлімінің басшысы Кенжеқыз Мусағалиева көшпелі отырыстың мәні мен мақсатына тоқталып, ары қарай сөзді спикерлерге ұсынды. Облыстық Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Түркбенбай Нұржігітов қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайту, жастарды идеологиялық тәрбиелеу және олардың әлеуметтік маңызы бар жобаларын қолдау, мемлекеттік тілдің этносаралық коммуникация тілі ретіндегі рөлін нығайту және дамыту мәселелерін көтеріп, Ассамблея жергілікті атқарушы билікпен бірлесіп, елдегі бірлік пен келісімді тұрақты, ұдайы бақылауда ұстап, этноәлеуметтік шиеленіс ошақтарын анықтап, осындай оқиғалардың алдын алу керектігін атап өтті. Сонымен қатар, өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды ұлығылау, салт-дәстүрімізді жаңғырту бағытында тұшымды пікірін білдірді.
Облыстық ақсақалдар кеңесінің мүшесі, «Вайнах» шешен-ингуш ЭМБ құрметті ардагері, Исатай ауданының Құрметті азаматы Зелимхан Зубариев азаматтарды мәдени, тілдік, этностық немес діни негізде кемсітуге арандатушылық әрекеттеріне төзбеушілік таныту бойынша жан-жақты ой қозғаса, облыстық «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасының орынбасары Антонина Ревкова жаңадан құрылған құрылымның мақсаты мен міндеттерінен хабардар етіп, оны ауданымызда да ашудың қажеттілігін тілге тиек етті. «Татулық пен келісім – Тәуелсіз Қазақстанның таңдауы» тақырыбын сөз еткен аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жұмақай Ғұмаров өзі жетекшілік ететін қоғамдық ұйымның атқарған жұмысы, алдағы жоспарларымен бөлісті.
«Бірегей мәдени кодқа негізделген құндылықтар тәжірибесі – Аналар кеңесінде» тақырыбын аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова жан-жақты аша түсіп, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ассамблеяның ХХХІІІ сессиясында көтерілген мәселелерді талқылап, берген тапсырмаларын алға тартты. Ауданымызда аналар кеңесінің «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» республикалық жобасы аясында атқарылған шараларды қаперге берді. Аудандық «Серпер» газетінің бас редакторы, ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі Айнагүл Шакупова «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» деп аталған халқымыздың стратегиялық бағдарының түпкі мәнін білдіретін үш ұғымның сессияның тақырыбына арқау болғанын жеткізіп, Президент атап өткен бірнеше өзекті мәселеге тоқталды. Одан әрі қатысушылар сөз алып, тақырыпқа орай өз пікірлерін ортаға салды. Модератор Кенжеқыз Мусағалиева көшпелі отырысты қорытындылап, айтылған ұсыныстар хаттама негізінде аудан, облыс әкімдеріне жеткізілетінін қаперге берді.
Айнагүл Шакупова