Қыркүйек айы жақындаған сайын ата-аналар жаңа оқу жылына дайындыққа қызу кірісіп кетеді. Оқушының мектеп формасы, оқу құралдары, спорт киімі, сөмке, аяқ киім, қысқасы бұл науқанда қалтаны біраз қағуға тура келеді. Әрине, баласы үшін еш ата-ана аянып қалмасы анық. Барын салып, баласын ешкімнен кем қылмауға әрекет етеді. Қу тіршілік қос бүйірден қысқанда шарасыз күйге түсіп, баласын мектепке дайындай алмай қиналатын жағдайлар да жиі кездеседі. Осындай келеңсіздіктің алдын алу мақсатында елімізде «Мектепке жол» акциясы дәстүрлі ұйымдастырылып келеді.
Аталған акция аз қамтылған және көп балалы отбасылардың оқушыларына көмек көрсетуге және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алуға бағытталған. Көптеген отбасының мектепке дайындық жұмыстарын жеңілдетуге сеп болып отырған қайырымдылық шарасынан Құрманғазы ауылдық округі жанындағы аналар кеңесі де шет қалған емес. Округтік аналар кеңесінің төрайымы Гаухария Төкестаеваның бастамасымен акция аясында С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде «Балаларға – базарлық» мерекелік шара өткізілді. Қайырымдылыққа негізделген кеште ауыл басшысы Абдуррахман Муса, аудандық аналар кеңесі төрайымының орынбасары Анар Мусина, кеңес мүшелері, ақ жаулықты аналар Ақжамал Қауысова, Талапан Тайпақова, Майра Әмірова, аудандық жастар ресурстар орталығының маманы Ақниет Саламат құттықтау тілектерін айтып, бүлдіршіндерге оқу құралдары салынған сөмке тарту етті.
Кешті қорытындылаған шараны ұйымдастырушы Гаухария Кінәмақызы «Мектепке жол» акциясынан шет қалмаған кеңес мүшелеріне, округ әкімдігіне, басқа да қайырымды жандарға ризашылығын білдірді. Әр сөйлеушінің сөзінен кейін өнерлі жастар мен бүлдіршіндер әннен шашу шашып, мерекелік көңіл күй сыйлап отырды.
Айбек НӘЖІМОВ