Бас прокурордың бұйрығымен бүгін Құрманғазы ауданының прокуроры лауазымына Абзал Смағұлұлы Сахиев тағайындалды.
Жаңа қызметке кіріскен Абзал Смағұлұлын аудан активіне облыс прокурорының орынбасары Ғалымжан Ниязбекұлы Тілеубаев таныстырды. Өз сөзінде ол аудан прокуроры қызметін атқарған Магилан Рахимов Мақат ауданының прокуроры қызметіне ауысқанын хабарлады.
Абзал Смағұлұлы 1983 жылы туған.
Прокуратура органдарында 2005 жылдан қызмет етеді. Қызмет жолында Жылой ауданы прокурорының көмекшісі, Мақат ауданы прокурорының көмекшісі, Атырау облысы прокуратурасының басқарма прокуроры, Жылой ауданы прокурорының орынбасары, Атырау қаласы прокурорының орынбасары, Атырау облысы прокуратурасының басқарма бастығы лауазымдарын атқарды. Осы тағайындауға дейін Атырау облысы Индер ауданының прокуроры болды. Сыныптық шені – әділет кеңесшісі.
Басқосуда аудан әкімі Абат Жанғалиев осы уақытқа дейін жауапты қызметті атқарған Магилан Еркінұлына алғысын айтып, алғыс хатын ұсынды. Жаңа тағайындалған Абзал Смағұлұлын құттықтап, ел игілігі жолында атқарар ісіне сәттілік тіледі.
Айнагүл Шакупова