Құрманғазы ауданының әкімі жастармен кездесті

(0 Votes)

Қоғамның ең белсенді тобы – жастардың саналы ойы мен пікірлері қашан да маңызды. Сол себепті аудан басшысы мен жастардың кездесуі дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.

Тұшымды ой мен маңызды ұсыныстарға, емен-жарқын әңгімеге негізделген кезекті басқосу аудандық орталықтандырылған кітапханада өтті. Аудан әкімі Абат Жанғалиев құрманғазылық жастармен жүздесіп, ашық әңгімелесті. Еркін форматта өткен кездесуді аудандық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды. Оған білім, спорт, мәдениет, денсаулық салаларының жас мамандары, мәслихат депутаттары, жастар ұйымдарының жетекшілері, ауылдық округтердегі белсенді жастар қатысты.

Орталық маманы Мархат Гумарова аудан басшысымен сұхбат жүргізіп, оның туған жері, ата-анасы, өскен ортасы, балалық шағы, мемлекеттік қызметке келу жолы жөнінде сұрақтар қойды. Кездесу барысында жастардың ұйымдастырған түрлі бағыттағы ойындарына белсене қатысты. Өз кезегінде қатысушылар сұрақтарын қойып, ұсыныс пікірлерін білдірді. Сауалдар негізінен ауданда туризмді дамыту, жастармен жұмысты жандандыру, оларға қолдау білдіру, кәсіпкерлікті қолға алған істерінің дамуына жағдай туғызу төңірегінде болды.

Кездесу барысында аудан басшысы Абат Сайфоллаұлы жастар тарапынан қойылған сұрақтар мен ұсыныс-тілектерді назарға алып, оңтайлы шешімін табуына жұмыстар жасалатынын жеткізді. Соңында аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Аян Жексенбай кеш қонағына естелікке кітап сыйлап, жастардың ұсыныстарын тыңдағаны үшін ризашылығын білдірді. Емен - жарқын жиын соңында аудан әкімімен жастар естелік суретке түсті.

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521