Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында жүзеге асырылып жатқан республикалық экологиялық акция ауданымызда жалғасуда.
Туған жердің табиғатын аялауға, қоршаған ортаны сауықтыруға бағытталған науқан барысында сенбіліктер өткізіліп келеді. Сонымен бірге, аптаның әр бейсенбісі тазалық күні болып белгіленді.
Мемлекеттік мекемелердің, квазимемлекеттік сектордың, кәсіпорындардың қызметкерлері белсене қатысқан бейсенбілік барысында үй-жайларының айналасы тазаланып, тал-теректер мен гүлзардар арам шөптерден аршылды.
Су құйылып, түптері қопсытылды. Көшелерді көріктендіруге, ауылдарды абаттандыруға арналған тазалық жұмыстары кезінде 4 тоннадай тұрмыстық қалдық жинақталып, коқыс полигонына жеткізілді.
Бұған 73 мекеменің 1200 қызметкері атсалысты. Өткізілген тазалық акциясы табиғатқа ұқыпты қарауға және экологиялық нормаларды сақтауға шақырады. Азаматтық жауапкершілікті арттыруды, экологиялық мәдениеттті қалыптастыруды, табиғатты қорғауды көздеген ауқымды шара тұрақты түрде өткізілетін болады.