Мемлекеттік сатып алулар саласындағы соңғы реформалар өз нәтижесін беріп, ауылдық деңгейде нақты өзгерістерге жол ашуда. Бұл туралы 2024 және 2025 жылдардың алғашқы жартыжылдығын салыстыру негізінде жүргізілген талдау көрсетіп отыр.
Құрманғазы ауданында 2025 жылдың алғашқы алты айында мемлекеттік сатып алулардың саны өткен жылмен салыстырғанда екі есеге жуық артты.
Өткен жылы аудан бойынша 98 рәсім өткізіліп, жалпы сомасы 351,9 млн теңгені құраған. Биыл сол кезеңде рәсімдер саны 198-ге жетті. Алайда сатып алулар көлемі сәл төмендеп, 347,4 млн теңгені құрады.
Сатып алулар санының артуы – өтінімдерді қабылдау, қарау және шешім шығару мерзімдерінің қысқаруының тікелей нәтижесі. Бұл өзгерістер процесті жеделдетіп қана қоймай, жергілікті деңгейдегі қажеттіліктердің уақытылы орындалуына мүмкіндік беріп отыр.
2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген мемлекеттік сатып алулар туралы жаңа заң рәсімдерді жеңілдетіп, процестің ашықтығын арттыруға және бәсекелестікті күшейтуге бағытталған. Жаңартылған талаптар ауылдық округтерде де тиімді іске асып, нақты нәтижесін беруде. Жаңа заң сатып алу процесінің ашықтығын қамтамасыз етеді, бизнес өкілдері үшін әділ мүмкіндіктер ұсынады. Бюджет қаражатын мақсатты әрі тиімді пайдалануға жол ашады.
Құрманғазы ауданындағы деректер мемлекеттік сатып алулар жүйесінде жүргізілген реформалардың ауылдық деңгейге дейін жетіп, нақты оң нәтиже беріп жатқанын көрсетеді. Рәсімдердің саны артқанымен, қаржылай көлемнің біршама төмендеуі – тиімді жоспарлау мен үнемділіктің белгісі деуге болады. Мемлекеттік сатып алулар жүйесіндегі ашықтық пен оңтайлылық – жергілікті даму мен халыққа көрсетілетін қызмет сапасының артуына негіз болып отыр.
Талғат МАҚСҰТОВ,
Атырау облысы бойынша
ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары