Құрманғазы ауданында мемлекеттік сатып алуда 460 млн теңгеден астам заңбұзушылық анықталды

(0 Votes)

Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті Құрманғазы ауданына қатысты екінші жартыжылдықта жүргізген камералдық бақылау нәтижелерін жариялады. Тексеру қорытындысында мемлекеттік сатып алу саласында елеулі заңбұзушылықтар анықталған.

Аталған кезеңде жалпы сомасы 460,1 млн теңгені құрайтын бұзушылықтарды жою жөнінде 88 хабарлама жолданған. Аудиторлық талдау мемлекеттік сатып алу рәсімдерінде талаптардың сақталмауы әлі де жүйелі сипат алып отырғанын көрсетті.

Сатып алу тәсілдері бойынша жасалған антирейтингке сәйкес, заңбұзушылықтардың басым бөлігі баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен өткізілген сатып алуларға тиесілі. Бұл бағытта 70 хабарлама тіркеліп, қаржылық көлемі 335,9 млн теңгеге жеткен. Аталған сома жалпы анықталған бұзушылықтардың 73 пайызын құрайды.

Сонымен қатар, бір көзден алу, яғни шартты тікелей жасасу тәсілі бойынша да заң талаптарының бұзылғаны анықталды. Бұл санатта 15 хабарлама жолданып, бұзушылықтардың жалпы сомасы 123,5 млн теңгені құраған.

Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің мәліметінше, жолданған хабарламаларда анықталған кемшіліктерді жою және заңнама талаптарын қатаң сақтау міндеті қойылған. Тиісті шаралар қабылданбаса, жауапты тұлғаларға заң аясында әкімшілік ықпал ету тетіктері қолданылуы мүмкін.

Өз тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT