Құрманғазы ауданына ақпараттық топ келді

(0 Votes)

Кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру бойынша облыс әкімінің орынбасары М.Мурзиевпен бекітілген кестеге сай ақпараттық топ ауданымызда болып, кәсіпкерлермен, шаруа қожалығы иелерімен және өз істерін жаңадан бастайтын азаматтармен кездесті.

Басқосудың мақсаты «Ауыл аманаты» жобасы, несиелердің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау, кепілдендіру, ауыл шаруашылығы бағытында субсидиялар беру, мемлекеттік қайтарымсыз гранттар алу және шағын несие беру тетіктерін түсіндіру болды.

Жиынды аудан әкімі Абат Жанғалиев ашып, топ құрамындағы лауазым иелерімен, мамандармен таныстырып өтті. Алдымен сөз алған облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаев жаңадан іс бастаймын дегендерге «Ауыл аманаты» жобасының тиімділігіне тоқталды. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ облыстық филиалының өкілі Роза Байсалықова шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан тиімді қолдау көрсету бағытында отандық жобаларды дамыту үшін жаңартылған «Бірыңғай кешенді бағдарлама» жүзеге асырылу үстінде екенін айтты. - Бағдарлама тұжырымдамасы «Микрокәсіпкерлік», «Шағын және орта кәсіпкерлік», «Өңдеу өнеркәсібі мен қызмет көрсету саласындағы шағын, орта және ірі кәсіпкерлік», «Моно және шағын қалалар, ауылдық жерлердегі кәсіпкерлік», «Әлеуметтік кәсіпкерлік» және «Қор биржасы» атты алты бағыттан тұрады. Бағдарама аясында негізінен өңдеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңдеу және жоғары технологиялық қызметтегі жобалардың несие мөлшерлемесін субсидиялауға басымдық беріліп, сараланған әдіс қолданылады. Мұндай жобалар бойынша алғашқы үш жыл ішінде кәсіпкер несиесін 8, төртінші жылдан бастап 9, бесінші жылдан бастап 10 пайызбен төлейді, - дей келіп субсидия немесе кепілдік алу үшін кәсіпкерлер online.damu.kz платформасы, egov.kz веб-порталы арқылы қашықтан немесе өңірлік филиалына өтінім бере алатынын мәлімдеді.

Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Дина Абишева туристік қызмет объектілерін салу, реконструкциялауда кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы шығынының 10, жол бойындағы сервис объектілерін салу бойынша шығындардың 10, туристік қызметті жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілеріне сыйымдылығы сегіз адамнан астам отыратын орны бар автомобиль көлік құралдарын сатып алу кезінде шығындарының 25 пайызын өтеу, санитариялық-гигиеналық тораптарды күтіп-ұстауға кәсіпкерлік субъектілеріне ай сайын 83300 теңге субсидия төлеу көзделгенін қаперге берді.

Сонымен бірге кездесу барысында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының туризмді дамыту бөлімінің бас маманы Динара Тоқсанова, «Аграрлық несие корпарациясы» АҚ Атырау облысы бойынша филаил басшысының орынбасары Рахмет Жанбиров, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау және несиелендіру бөлімінің басшысы Тілекқабыл Ғұбайдуллин өз салалары бойынша бірқатар түсініктер берді. Ақпараттық топ жетекшісі, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің басшысы Сәттіғұл Сабыров бұл басқосудың жиналғандарға мемлекеттік бағдарламалар арқылы қаржылай көмектер, несие немесе субсидияларды алудың талап-тәртібі бойынша біраз мағлұматтар берілгенін айтып, өздерін толғандырған сауалдары болса қоюларын сұрады.

Жарыссөзде шаруа қожалығы жетекшілері Есболат Құбашев, Тілекқабыл Қарамалаев, «Құрманғазы ет кешені» басшысы Бержан Кенжебаев, ауыл шаруашылығы саласы ардагері Мұқар Шаяхметов, мемлекеттік қызмет ардагері Рифхат Сұлтанияев, басқа да жиынға қатысушылар сауалдарын қойып, жауаптарын алды.

Айбек НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT