«Бауыржан» мейрамханасында аудандық мәслихаттың құрылғанына 30 жыл толуына орай «Qurmangazy QUIZ» интеллектуалдық ойыны және суретшілер байқауы өтті. Алдымен аудан әкімінің міндетін атқарушы Амангелді Хайдарұлы, аудандық мәслихат төрағасы Гүлжанат Қалиева мерекелік құттықтау сөз сөйлеп, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Одан кейін жүргізуші Алтынбек Биғалиев суретшілер байқауына қазылық ететін әділқазылар құрамын таныстырды. Қылқалам шеберлеріне Тәуелсіздік тақырыбы беріліп, әркім өз қиялына қанат бітіріп, жұмыстарын бастап кетті.
Ал QUIZ ойынына 10 команда қатысып, шапшаңдықтары мен тапқырлықтарын көрсетті.
Мақсаты – жастардың білімі мен біліктілігін шыңдай отырып, қазақ халқының төл мәдениеті мен өнерін дәріптеу, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыру. Ойын бес кезеңнен тұрды. Төрт кезеңнен кейінгі үзілісте командалардың ұпайлары есептеліп өздеріне жария етілді. Нәтижесінде 28 ұпаймен ұстаздардан құралған «Ustaz Pro max» командасы жеңімпаз атанса, бір ғана ұпаймен қалыс қалған «Бес арыс» командасы ІІ орынды қанжығаларына байлады. ІІІ орынды 26 ұпай жинаған «Біз қарсы емеспіз» командасы иеленді. Жеңімпаздарға кубок, медаль, диплом және естелік сыйлық табысталды.
Бейнелеу шығармашылығы саласын қолдау мақсатында өткізілген суретшілер байқауына 12 адам қатысқан болатын. Оның қорытындысымен Ломоносов атындағы жалпы орта мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Индира Юсупова жеңімпаз атанса, ІІ орынды аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының маманы Самал Ерболатқызы, ІІІ орынды М.Әуезов атындағы жалпы орта мектептің Шарипа Бисенғалиева қанағат тұтты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен естелік сыйлықтар ұсынылды.
А.Шакупова